Катарлық компания қазақстандық кен орнына қаржы құймақ

Катарлық компания қазақстандық кен орнына қаржы құймақ

Қазақстан жер қойнауын пайдалану саласына шетелдік қаржы тартуға аса тиімді мемлекеттердің бірі саналады. Бұл MINEX тау-геологиялық форумына қатысқан халқаралық сарапшылардың пікірі. Мамандар елдегі табиғи қорды игеруге қатысты жүргізілген инвестициялық реформалар мен құқықтық және техникалық нормалардың орындылығңына ерекше тоқталып өтті. Олардың пайымынша, бұл геологиялық барлау жұмыстарының жандануы мен салаға  сырттан инвестиция тартуға үлкен сеп болған. Жиын барысында катарлық компаниялардың бірі қазақстандық кен орнына 10-нан 50 миллион доларға дейін қаржы құюға мүделіктерін танытты.

АРТУР ПОЛЯКОВ, ФОРУМ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

- Біз Қазақстанды Орталық Азия аймағындағы елдердің арасында ең әлеуетті мемлекет деп танимыз. Бұл шетелдік инвесторлар халықаралық капиталмен кіріп, өздерінің тың жобаларын жүзеге асыруға аса тиімді  нарық.

2017 жылы қабылданып, заңды күшіне енген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» туралы кодекс шетелдік инвесторларға Қазақстанда жұмыс істеудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Бұл геология және тау-кен өндірісі салалары ел экономикасының екінші сатысында тұрған мемлекет үшін аса маңызды жайт. Қазақстанның саладағы тәжірибесіне көрші елдер үлкен қызығушылық танытып отыр.

ИШИМБАЙ ЧУНУЕВ, ТАУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ /ҚЫРҒЫЗСТАН/:

- Сіздерде жер қойнауын пайдалану кодексі еңгізілді. Осы тәжірибені өзімізде ендірсек дейміз. Қазақстандық компаниялармен тығыз байланыс  жасаймыз.  Мыс, алтын өндіретін Бозымшақ, Шыралжын кен орындарында  әріптестік орнаған.

Еске салайық, Қазақстан уран, титан және фероқорытпа сынды қазба байлықтары бойынша әлемде көш бастап келеді.

Фото: kazarchives.kz