Қазақстан агро-өнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын арттыруда

Қазақстан агро-өнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын арттыруда

Қазақстан агро-өнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын арттырып келеді. Ауылшаруашылық министрлігі өкілдерінің айтуынша, шетелдік нарықта ұн, бидай, өсімдік майы, балық пен кондитерлік тауарларға сұраныс жоғары.  Мәліметке сай, тек 2019 жылдың басынан ғана елімізден 8 мың тоннаға жуық ет сыртқа шығарылған. Оның 5 мың тоннасы ірі қара мал етінің үлесінде. Дәнді-дақылдар мен өсімдік түрлерінің экспорты да ұлғайып келеді. Биыл шетел нарығына отандық алқап өнімдерінің 3 мың тоннасы жеткізіліпті.  

ГҮЛМИРА ИСАЕВА, ҚР АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Астық дақылдарының негізгі нарығы Иран, Ауғанстан сынды Орталық Азия елдері болып табылады. Қазір Қытайға жеткізілетін бидай көлемін арттыру жағы жолға қойылған. Сондай-ақ бидай экспортының артуына қаңтар айында Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы мен Иран Ислам Республикасы арасында жасалған үшжақты келісімнің сеп болары анық.

Салалық ведомствода өткен жылдың қорытындысы да шығарылды. Мәселен, былтыр Қазақстан жалпы құны 3 миллиард долардан асатын АӨК өнімдерін экспорттаған. Өсім 2017 жылмен салыстырғанда 26 пайызды құрап отыр. Бұл орайда жалпы ауылшаруашылық экспорты көлемнің 18 пайызы Алматы қаласына тиесілі екенін айта кету керек. Сыртқа шығарылатын өңделген өнім аясы да кеңейіп отыр. Бұл ретте Қостанай мен Түркістан аймақтарының шаруалары көш бастап тұр. Мал шаруашылығына келетін болсақ, былтыр 33 мың тоннадан астам отандық ет өнімдері  әлемнің 11 еліне тасымалданған. 

ГҮЛМИРА ИСАЕВА, ҚР АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Ірі-қара мал етінің экспорты былтыр Қазақстан бойынша 19,9 мың тоннаны құрады. Бұл орайда көш басында Түркістан облысы келеді. Олар 5 мың тонна экспорттады. Ақтөбе мен Алматы өңірлері 4 мың тоннадан шығарды. Жалпы аймақтар бойынша 20 қазақстандық кәсіпорын ірі қара етінің экспортында белсенділік танытып келеді. Ең маңыздысы, осы кәсіпорындар кооперацияға жұмылған 19 мың шаруа қожалығымен етене жұмыс жасайды.

Фото: kazakh-zerno.kz