Қазақстан мен Ресей машина жасау саласында ынтымақтастықты нығайтпақ

Қазақстан мен Ресей машина жасау саласында ынтымақтастықты нығайтпақ

Қазақстан мен Ресей өндірістік кооперация саласында бірлесіп әрекет ету бағдарламасын қабылдады. Онда қазіргі және жаңа компаниялардың базасында екі жақты жобаларды іске асыру қарастырылған. Осы бағдарламаның арқасында елімізде ауылшаруашылық, жүк және жеңіл автотехника зауыттары салынады. Сонымен қатар Қазақстан ресейлік компаниялардың қатысуымен автокомпоненттер мен жиынтықтаушы бөлшектер өндірісін жолға қоя алады. 

РОМАН СКЛЯР, ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

- Бүгін Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігімен қол қойған бірлескен іс-қимылдар бағдарламасында негізінен машина жасау саласында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту қарастырылған. Қазақстанның аумағында шығарылатын техникалық бұйымдардың машина жасау өнімдерін орналастыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізу керек екендігін білеміз. Сондықтан ресейлік әріптестермен, ресейлік компаниялармен, еліміздің кейбір компанияларымен бірге  жиынтықтаушы бөлшектерді жеткізу туралы шешім қабылданды.

Бірлесіп жүзеге асырылған жобалар екі елдің өнеркәсібін дамытуға айтарлықтай үлес қосады. Сарапшылардың айтуынша, қол қойылған «Жол картасы» ашық және алдағы уақытта өнеркәсіптік кооперацияға қосылуға ниет білдірген өзге де түрлі компаниялармен толықтырылатын болады. Үстіміздегі жылы Қостанай, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында бірқатар жоба іске қосылмақ.

Фото: appgrooves.com