Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға 42 млрд теңге жұмсалмақ

Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға 42 млрд теңге жұмсалмақ

42 миллиардтан астам теңге. Дәл осындай қаржы биылғы жылы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталмақ. Бұл отандық фермерлерге ірі қара мал өсіруге және республиканы ет экспорттаушы елдердің үздік бестігіне қосуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда фермерлерді тікелей несиелендіруге 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлу көзделген. Айта кетейік, 2018 жылы бағдарлама аясында несие беру механизмі өзгерді. Осыған сәйкес бүгінгі таңда ірі қара малды 15 жылға дейін жылына 4%-бен сатып алуға болады. Бұрын пайыздық мөлшерлеме 14%-ды құраса, енді 10%-дық айырмашылық мемлекет тарапынан субсидияланатын болады. Айта кетейік, былтыр «Сыбаға» бағдарламасымен 15 млн теңге несие беріліп, шаруалар 55 мың бас мал сатып алды.  Ал асыл тұқымды ірі қара Қазақстанға Канада және АҚШ-тан әкелінген болатын. Бұл Зеңгі баба төлін өсіру мақсатында қойылып отыр. Мал басы жасанды ұрықтандыру жолымен көбейтіледі.

БОЛАТ АСЫЛХАНОВ, МАЛДАРДЫ АСЫЛДАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

- Сүт бағытындағы, аралас бұқаларға сұраныс көбейіп жатыр. Бірақ біз оны жартылай қамтамасыз етіп отырмыз. Енді тағы да сұранысты толық қамтамасыз ету үшін мал басы жетпей жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, бағдарлама асыл тұқымды мал генофонын арттыруға мүмкіндік береді. Оның аясында осы уақытқа дейін ел өңірлерінде 150 репродуктор құрылғанын атап көрсету керек.  

ЕРКЕБҰЛАН АХМЕТОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

- Сырттан әкелінген мал есебінен шаруа қожалықтарындағы ірі қара мал басын ұлғайту басты мақсатымыз болды. Өйткені ел ішінде фермерлердің бір-біріне сатылатын малы есебінен оның саны артпайды. Енді «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде 10-50 бас мал өсіретін отбасылық және 100 бас ірі қара күтетін фермерлік шаруашылықтар құру көзделген.

2019 жылы Қазақстанға 65 мың бас ірі қара мал жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 43 мың басты сатып алуға 112 өтінім келіп түсті, оның 60-тан астамы қаржыландырылды. Жалпы алғанда, республикада 10 жылға негізделе отырып жаңартылған «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында асыл тұқымды ірі қара мал саны 8 миллионға дейін артуы тиіс. 

Фото: ©RyanMcGuire / pixabay.com