Қорғаста экспортқа бағдарланған екі зауыт ашылады

Қорғаста экспортқа бағдарланған екі зауыт ашылады

«Қорғас – Шығыс Қақпасы» арнайы экономикалық аймағында жақында 12 жаңа кәсіпорын ашылады. Айрықша жағдайларды қарастыратын аймақ – Қазақстандағы ірі экономикалық жобалардың бірі. Ол логистикалық және индустриялық аймақтан тұрады. Сонымен қатар қазір «Құрғақ порт» көлік-логистикалық кешені жұмыс істеп тұр. Онда үш жылда контейнерлерді өңдеу көлемі 18 есеге артқан.

АСҚАР ЕШЕНХАНОВ, «ҚОРҒАС – ШЫҒЫС ҚАҚПАСЫ» АЭА БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазір арнайы экономикалық аймақта 12 кәсіпорынның құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп, консервіленген тағам түрлерін, джем, тосап шығаратын компаниялар тобы. Тағы біреулері екі жобаны қолға алып отыр. Атап айтқанда, біріншісі – бетон шығаратын зауыттың құрылысы. Ал екінші жоба – бұл арнайы экономикалық аймақтың резерв аумағында салынатын технопарк.

Сонымен қатар, «Қорғас – Шығыс Қақпасы» арнайы экономикалық аймағында экспорттық әлеуеті жоғары тағы да бір жоба жүзеге асырылмақ. Жуырда қоспажем зауыты пайдалануға берілді. Қазіргі кезде екінші кәсіпорынның құрылысы аяқталуға жақын. Онда жылына 60 мың тонна дәнді-дақыл өңделеді.

ИГОРЬ ГАБИДУЛЛИН, КОМПАНИЯНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

- Мұнда жартылай рационды қоспажемнің барлық түрі шығады. Сондықтан Алматы облысы Панфилов ауданының сұранысын толық қанағаттандырып отырмыз деп айта аламын. Сонымен бірге Қытаймен шекаралық сауда-саттық аясында өнімнің 40 пайызы экспортқа бағытталады.

Айта кетейік, келешекте «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында 80-ге жуық кәсіпорын іске қосылады. Алдағы уақытта мұнда бірқатар жеңіл өнеркәсіп нысандары жұмыс істей бастайды. Олар негізінен киім-кешек пен аяқ киім шығаратын болады. 2023 жылға дейін жалпы құны 485 миллиард теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылады.

Фото: industry.gov.kz