Солтүстік Қазақстан облысында орман және ағаш өңдеу кластері құрылмақ

Солтүстік Қазақстан облысында орман және ағаш өңдеу кластері құрылмақ

Солтүстік Қазақстан облысында 2020 жылға дейін орман және ағаш өңдеудің коммерциялық әрі экологиялық кластері құрылатын болады. Бұл жоспарды кезең-кезеңмен жүзеге асыру көзделген. Игілікті іске жергілікті кәсіпкерлер белсенді қатысуға құлшынып отыр.

Мынадай заманауи кешенде ағаш санаулы минуттың ішінде бұталанып, шыбықша бөлшектенеді. Айналасы бір аусымда бір жұмыскер 140 текше мерт ағаш дайындайды. Бұрын мұндай істі 5 бригада атқаратын. Ал, техниканың тілін табу үшін маман Белорусияда арнайы оқып келді.

ЕВГЕНИЙ РЯБЧЕНЮК, МЕХАНИЗАТОР:

Мұнда қажеттінің бәрі орнатылған. Ағаш кесудің кез келген түрін орындайды. Өзіңе керекті өлшемді компьютер арқылы белгілесең болғаны. Өте ыңғайлы. Қақаған аязда да, ыстық күндері де  жұмыс жасай берем.  Техника саз, батпақ, опа қарға қарамайды. Өтімділігі де жоғары. 

Жергілікті кәсіпкер Сермұхамет Ахмутдинов инновациялық жабдықты 338 млн теңгеге сатып алды. Оған былтыр Ғылым қорынан қайтарымсыз берілген қаржы көмек болды. Бұл кешендер жұмыс күшін жеңілдетуге сеп болды. Ал техниканың атқаратын міндеті мүлдем өзгеше. Ол дала басында сұрыпталған сүректерді бірден артып, цехқа жеткізеді.

Мұнда ағаш өнімінің 50-ге тарта түрі дайындалады. Айта кетерлігі, бұл – қалдықсыз кәсіпорын. Тіпті жаңқаларды да кәдеге жаратып, олардан пеллет жасайды. Ал оның қызуы көмірден артық болмаса, кем емес. Экологияға да зияны жоқ. Бұнда қылқан жапырақты ағаштар үшін жылыжайлар салынады.

СЕРМҰХАМЕТ АХМУТДИНОВ, КӘСІПКЕР:

- Ашық тамыр жүйесімен өсіріліп, кейін кесілген қайыңның орнына отырғызылады. Яғни бүкіл цикл осы жерде жүргізіледі. Алдағы уақытта көмір зауытын салу жоспарда бар. Бүгінгі күні оның фундаменті құйылып, құрылымның  қабырғалары қаланған. Алдағы мамыр айында зауытты орнату мүмкін болмақ. Менің ойымша, маусым айында біз қайың ағашынан көмірдің алғашқы партиясын аламыз.

Кәсіпкер зауыт өнімімен бірінші кезекте отандық, кейін шетел нарығын қамтамасыз етуді мақсат тұтып отыр. 

Фото: biatecgroup.com