Қазақстан кәсіпкерлері Грузияда электробус құрастыратын зауыт салмақ

Қазақстан кәсіпкерлері Грузияда электробус құрастыратын зауыт салмақ

Қазақстан мен Грузияның ынтымақтастық аясы кеңейді. Машина жасау саласы  әріптестіктің жаңа бағыты болмақ. Қазақстандық кәсіпкерлер Грузияда электр жетегіндегі автобус құрастыратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Бірлескен жобаның маңызы зор. Себебі Грузия қазіргі таңда экологиялық таза көлік құралдарын дамытуға ден қойып отыр. Қазақстандық инвесторлар кәсіпорын құрылысына миллиондаған доллар қаржы құюға дайын.

ДАВИД ЧИЧИНАДЗЕ, ГРУЗИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Бүгінгі таңда Қазақстандық тарап жобаға 10 миллион доллар қаржы салуға әзір. Бірақ Грузия жыл сайын кем дегенде 100 автобус сатып алуы керек. Менің ойымша, елдегі осы көлік түріне қажеттілікті ескерсек, бұл аса көп емес. Жобаның келешегі де зор. Себебі қазақстандық тарап 2 жылдан кейін өндіріс ошағын басқаруды Грузияға беруге әзір. 

Грузия сарапшылары электробус құрастыру жобасының екі жаққа да тиімді екенін айтады.

ВАХТАНГ ЧАРАЯ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША САРАПШЫ:

- Қазіргі таңда Грузия электробустарды шетелден сатып алуда. Сондықтан оның құны маңызды. Бұл Грузия үшін тиімді деп ойламаймын. Сондықтан автобустың құны мен сапасына көп мән берілетін шығар.

Тбилиси мэриясы алдағы бірнеше жылда табиғи газбен және электр қуатымен жүретін 700-ден астам автобус сатып алуды жоспарлап отыр.

ДАВИД ЧИЧИНАДЗЕ, ГРУЗИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Қазақстан елшілігінің қолдауымен екі ел арасындағы сауда қатынасы қарқынды түрде дамып келеді. Сонымен бірге қолға алынған жаңа ұсыныстар да экономикалық байланыстың кеңейуіне септігін тигізері анық.

Грузияның Қазақстанмен сыртқы сауда айналымы 2018 жылы 150 миллион долларға жуықтады. Еліміз Грузияға мұнай өнімдерін, тыңайтқыштар, металдар, азық-түлік өнімдерін, дәрі-дәрмектерді экспортқа шығарады.

Фото: giro.ca