Қазақстанда ет экспорты артады

Қазақстанда ет экспорты артады

Үстіміздегі жылы Жамбыл облысында 8 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысын аяқтау жоспарланған. Құны 1 миллиард теңгені құрайтын жоба Қордай ауданында орналасады. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 70 проценті аяқталды. Жалпы мал бордақылау алаңының алғашқы кезеңі 4 жыл бұрын іске қосылған болатын. Өткен жылы Қырғыз еліне 200 тонна ет саудаланған. Енді Өзбекстан, Қытай, Иран мемлекеттерімен келіссөз жүргізіліп жатыр.

БЕРІК ӘДІЛХАНОВ, ҚОРДАЙ АУДАНЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- 450 тоннадан аса сиыр еті мен қой етін экспорттау жоспарланып отыр. Былтырғы жылы бізде жалпы өткізілген экспорт көлемі 370 тоннадан асады. Көрші Қырғызстан мемлекетіне, Меркідегі ет зауытына өткізілген.

Жалпы өңірде сыйымдылығы үш мың бастан асатын 7 ірі мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Өткен жылы экспортқа мың тонна ет шығарылды. Биыл бұл межені 1500 тоннаға жеткізу жоспарланған.

Ал, Алматы облысының Жамбыл ауданы биыл 500 тонна сиыр етін шетелге экспортқа шығаруды көздеп отыр. Бүгінде ауданда 3 мың басқа дейін ірі қара ұстап отырған 5 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. 2017 жылдан бері ет өндірісімен айналысып жүрген Асқар Райқұлов алғашында 1500 бас ірі қара бордақыласа, былтыр 3 мың бас бұқаны етке өткізген.   

АСҚАР РАЙҚҰЛОВ, ШАРУАШЫЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

- 2018 жылы біз 262 тонна етті өзіміздің ішкі нарыққа тапсырдық. 50 тонна етті экспортқа Қырғызстанға өткіздік. Енді 2019 жыл жаңадан басталды. Біздің жоспарымыз бойынша енді 500 тоннаға дейін етті өткіземіз деп отырмыз. Оның 150 тоннасын экспортқа тапсырамыз деген жоспарымыз бар.

Жамбыл ауданындағы фермерлер жыл соңына дейін 500 тонна етті шетелге экспорттауы тиіс. Қазір ауданда ет өңдейтін заманауи комбинат салынып жатыр. Оның құрылысы аяқталса, экспортталатын еттің көлемі артады, дейді мамандар.

Фото: phys.org