Қазақстанда ұлттық экспортты қолдау шаралары күшейтілмек

Қазақстанда ұлттық экспортты қолдау шаралары күшейтілмек

Қазақстанда ұлттық экспортты қолдау шаралары күшейтілмек. Осы ретте экспорттық-импорттық операциялар бойынша «бірыңғай терезе» порталының пайдасы мол болмақ. Оның көмегімен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тауарлардың сәйкестік сертификаттарын рәсімдей алады. Мұнымен қоса, электронды рұқсат құжаттарын, лицензияларды ала алады. Барлық анықтамалар да осы жүйеге жинақталған. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар порталға тіркелгеннен кейін, олардың жеке кабинеті ашылады. Онда қатысушының сауда-саттыққа байланысты барлық құжаттары көрсетіледі. Қосымша құжаттарды рәсімдеу де сол портал арқылы жүзеге асырылатын болады.

РУСЛАН ЕҢСЕБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Мемлекеттік органдардың жүйелерін интеграциялау арқылы біз олардың арасындағы ақпарат алмасуды қамтамасыз етеміз. Бұл қағазбастылықтан арылтады. Сондай-ақ, экспорттық-импорттық операцияларды кедергісіз жүргізу үшін жағдай жасау экономикалық өсімді еселеуге сеп болады.

Осы ретте Қытайға бидай экспорттаумен айналысатын компаниялардың саны арта түскенін айта кету қажет. Еліміздегі 105 элеватор Аспан асты еліне бидай жеткізуге құқығы бар кәсіпорындар тізіміне енді. Бұрын бидайды шығыс көршімізге сатып келген Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының қатарына Павлодар қосылды. Демек, отандық алтын дәнді молынан саудалауға жол ашылып келеді.

ГҮЛМИРА ИСАЕВА, ҚР АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Біз тағы екі облыстың бекітілгенін күтіп отырмыз. Бұл Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстары. Яғни, Қазақстанның астық өсіретін барлық өңірлері өз өнімдерін Қытайға экспорттауға мүмкіндік алады.

Қазақстандық омарташылар да бал экспортын арттыруға әзірленіп жатыр. Өнім өндірушілер оны Қытай мен  Біріккен Араб Әмірлігіне  ауқымды мөлшерде өткізуге ниетті. Болашақта шетел нарығын игеруге үлкен мүмкіндіктер ашу үшін, биыл  Шығыс Қазақстанда  ветеринарлық зертхана ашылады деп жоспарлануда. Ол жерде тексерістен өткен бал ешбір қосымша сертификатсыз өзге елге өткізілетін болады.

ВЛАДИСЛАВ ВОЛКОВ,  ОМАРТАШЫ:

- Еуразиялық экномикалық одақ базасында ортақ сайт  ашу туралы келісімге келдік. Осылайша батыс және солтүстік  өңірлердегі әріптестер бір-бірімен  белсенді тәжірибе алмасса деген ойдамыз.

Жалпы, елімізде жыл сайын 15 мың тонна бал жиналады. Соның тең жартысы ғана шетел нарығына шығарылуда.

Фото: kapital.kz