Қазақстанда жылына 60 мың автомобиль құрастырылмақ

Қазақстанда жылына 60 мың автомобиль құрастырылмақ

Қазақстандық автокөлік өнеркәсібі қарқынды даму кезеңіне түсті. Соңғы жылдары саланың үлесі айтарлықтай өскенін сарапшылар айтып отыр. Бүгінде елімізде сатылған әрбір екінші автомобиль - отандық конвейерден шыққан төл өнім. Үстіміздегі жылы да бұл қарқын сақталады деген болжам бар. Өндіріс көлемі екі есеге артып, 60 мың автомобильге жетпек. Қазақстанда құрастырылған темір тұлпарларға сырт мемлекеттерде де сұраныс жақсы.

АНАР МАКАШЕВА, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АВТОБИЗНЕС ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ:

- 2018 жылы машина жасау саласындағы өсім 19,2 пайызды құрады. Осылайша экономика дамуының қозғаушы күшінің біріне айналды. Отандық өндірушілер осы беттерінен таймақ емес. 2018 жылы Беларусь, Ресей, Тәжікстан елдеріне қазақстандық автокөлік құралдары жеткізілген.

Отандық автокөлік нарығына талдау, оның даму барысы мен болжамдары елордада өткен халықаралық автокөлік форумы мен автокөрмеде талқыланды. Аталған шараларға Қазақстаннан өзге Ресей Федерациясы, Қытай, Үндістан, Еуропа елдері мен Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы саны 130-дан аса автокөлік өндіруші компания қатысты.

ОЛЕГ МОСЕЕВ, «РОССИЙСКИЕ АВТОМОБИЛЬНЫЕ ДИЛЛЕРЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазір Қазақстанда өндірілген автокөліктерді Ресейге жөнелтуді ұлғайту бойынша келіссөз жүргізілуде. Әзірге 30 мың темір тұлпар сатып алу қарастырылуда. Жалпы, сіздегі нарық енді өсіп келеді, әлі де ауқымы кеңейетін болады.

МИХАЭЛЬ ЙОХАННЕС, КӨРМЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Автокөлікті сатқаннан кейінгі қызмет нарығы Орталық Азияда жақсы дамып келеді және Қазақстан бірінші орында. Форум мен көрмені өткізу үшін сіздердің астаналарыңызды бекер таңдаған жоқпыз. Өйткені инфрақұрылымы жақсы және «Бір белдеу, бір жол» жобасының маңызды торабы.

Рефрижераторлар, жүк көліктері, қоқыс тасығыш машиналар, қар жинағыштар. Осының бәрі – коммерциялық техника құрастырумен айналысатын қазақстандық компанияның төл өнімдері. Зауыт Қостанайда орналасқан. Нарыққа шыққанына биыл 7 жыл ғана толса да,  өндіріс көлемі мен экспорт ауқымын еселеп келеді. 

АЛЕКСЕЙ ЛЕВАШКИН, АВТОКӨЛІК ӨНДІРУШІ КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ:

- Біздің техника Ресейге, Тәжікстанға көп жеткізіледі. Басқа елдердің нарығына да шығу мақсатымыз бар. Экспорт көлемін біртіндеп ұлғайтуды қолға алдық. Мемлекет қолдауымен Орталық Азия елдерімен, Ресеймен ынтымақтастық байланыстар орнаттық. Түрлі кездесулер мен көрмелерге тұрақты түрде қатысып, өнімдерімізді таныстырып жүрміз.

Сарапшылар қазақстандық автокөлік өнеркәсібінің дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын айтып отыр. Инвестиция мен мемлекеттік қолдау шаралары өндіріс ауқымын арттырып, өткізу нарығын кеңейтуге жол ашып отыр. Ең бастысы – қол жеткенге тоқмейілсімей, сатып алушылар мен инвесторлар үшін жаңа ұсыныстар әзірлемек.

Фото: astanatimes.com