Испания бизнесмендері Қазақстанның жасыл жобаларына қаржы құюға ниетті

Испания бизнесмендері Қазақстанның жасыл жобаларына қаржы құюға ниетті

Қазақстанның жасыл жобаларына шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық мол. Республиканың жаңартылатын энергетикасына Испан бизнесмендері қаржы құюға ниет білдірді. Олардың бұл саладағы тәжірибесі жетерлік. Олар жергілікті әзірлемелерге инвестиция бағыттаумен шектелмей, өздерінің тың технологияларымен де бөлісуге дайын. Мадридте қазақстандық делегация Испанияның экспорттаушылар клубына мүше 30-ға жуық үздік компанияның өкілдерімен кездесіп, келіссөз жүргізді. Жиналған қауымға инвестиция салудың шарттарын, Қазақстандағы аукцион жүйесі түсіндірді. Сонымен қатар, республиканың 2050 жылға дейін электр жүйесінің 50%-ын баламалы көздерден алу туралы өршіл мақсат қойып отырғанын да айтты.

АЙНҰР СОСПАНОВА ҚР ЭМ БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Аукционға қатысып, жеңіске жеткен инвесторлар 15 жылдық келісімшартқа отырады. Құжат оларға инвестицияның қайтарымын алатынына кепілдік береді. Бұл ең үздік  халықаралық тәжірибе. Әзірге Қазақстан нарығына кірген Испания компаниялары жоқ.  Бүгінде еуропалық компаниялар тізімінде француз бизнесі, британдық бизнес өкілдері бар. Олардың қатарын Испания кәсіпкерлері де толықтыруға ниетті.

АНТОНИО БОНЕТ, ИСПАНИЯ ЭКПОРТТАУШЫЛАР ЖӘНЕ ИНВЕСТОРЛАР КЛУБЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазақстан - Орталық Азиядағы ең үлкен нарық, оған қоса, шетелдік бизнес үшін мол мүмкіндік жасап отырған мемлекет. Сол себепті Қазақстан біздің елдің инвесторларына жақсы алаң дер едім. Дегенмен кәсіпкерлердің көбі бұл нарықтан хабарсыз. Сондықтан осындай таныстыру кездесулері жиі өткізілуі қажет. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, маңызды ақпарт бөлісу қашан да пайдалы.

Қазақстанда ЕХРО базасында жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы құрылып, қызмет жасайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл мекеме елде баламалы энергетиканы дамытуға сеп болып, шын мәнінде елдің жасыл экономикаға көшуінің нағыз драйверіне айнала алады.

МАРАТ МҰХАМЕТСАЛИЕВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСЫЛ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

- Өнеркәсіптік кәсіпорындардың «жасыл» талаптарға сәйкес келетін өнімдерді шығаруын қадағалаймыз. Сонымен қатар қалдықтар да сол талапқа сай келуі керек.  Осының барлығын тексеріп, зерделеп, талдап, іске асыру мәселелерін қарастырамыз.

Жалпы, Қазақстанның жасыл энергетикасына салынған инвестициялар екі жарым есеге өскен. Өткен жылы саланы дамытуға 80 млрд 200 млн теңге қаржы бағытталған. Инвестициялардың ең үлкен көлемі Ақмола, Жамбыл және Атырау облыстарында игерілген.

Фото:  azernews.az