Қазақстан Иранға 500 тонна сиыр етін жөнелтпек

Қазақстан Иранға 500 тонна сиыр етін жөнелтпек

Иран елі дүкендері Қазақстаннан әкелінген ет өнімдерін саудалай бастады. Бұл – екі ел арасындағы алғашқы ең ірі келісім. Осыған дейін елімізден Иранға  ет аз мөлшерде ғана жеткізілетін. Алдағы 5 айда Иран Астана ет комбинатынан 500 тонна сиыр етін қабылдауды көздеп отыр. Айта кетейік, осыдан 3 жыл бұрын Қазақстан мен Иран арасында ауыл шаруашылық саласында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылған болатын. Келісім аясында Қазақстан Иранға астық, күріш, бұршақ дақылдарын экспортымен айналысты.

АЛИ ШАФАХ, ЕТ ИМПОРТЕРІ:

- Осы уақытқа дейін біз тек қой етін ғана импорттап жүрдік. Бұрын етті Бразилия мен Австралиядан және ТМД-ға кіретін бірнеше елден сатып алып жүрдік. Бұл экономикалық жағынан тиімді деп айта алмаймын. Қазақстанмен осы бағыттағы жұмысымыздың табысты болатын түрі бар. Біздің 40-70 тонна тиелген әуе рейстерді қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Ол салмағы 7-8 келі вакуум қаптамаларда болуы керек. Бұндай ет елде үлкен сұранысқа ие.

Иран тұтынушыларының айтуынша, тұрғындар Қазақстаннан келген еттің сапасына дән риза. Сондай-ақ, Иранда қазақстаннан келген ет екі негізгі қағида бойынша бағалы. Біріншіден халал, екінші жағынан генетикалық жетілдірілген өнімдердің қоспасы жоқ.

МЕХДИ ЗАХЕДИАВАЛ, ИРАН САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Қазақстанда мал ислам ережелеріне сай сойылады, бұл – біз үшін өте маңызды қағидаттардың бірі. Сонымен қатар, Иранда ет тұтыну мөлшері жыл маусымына және Наурыз бен Рамазан айына, мерекелерге байланысты. Тағы бір айта кетерлігі, Иран елінде еттің бағасы едәуір қымбат болғандықтан, қазақстандық өнімнің көмегі арқылы нарықтағы баға тұрақталуы мүмкін деп сенеміз.

Тараптар етпен бірге мал басын тірідей жеткізу туралы да келісім-шартқа отырды. Ал оның экспорты қай уақытта басталатыны жақын арада белгілі болмақ.

Фото: wabeef.org