Жапония Қазақстанға 1 млрд доллар инвестиция салмақ

Жапония Қазақстанға 1 млрд доллар инвестиция салмақ

Жапония Қазақстанның басты стратегиялық серіктестерінің бірі. Бүгінде елдер арасындағы ынтымақтастық барлық бағыттар бойынша қарқынды дамып келеді. Айта кетейік, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларды құрады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 54% -ға жоғары.

КЭЙ КАРАСАВА, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

- Жапондықтар үшін Қазақстан мұнай, табиғи газ сияқты өзінің бай ресурстарымен, қара уылдырықты балықтарымен, кең байтақ жерімен танымал. Орталық Азияның кіндігіндегі кең байтақ жер Еуропа мен Азияны байланыстырып тұр. Бұл екі елдің экономикалық қатынасын күшейтуге мүмкіндік беретін бірегей артықшылық. Сондықтан Қазақстанға инвестиция салам деуші компаниялар көбейеді деп сенемін. 

Айта кетейік, Жапония біздің республикамыздағы алғашқы он белсенді инвестордың қатарына кіреді. Негізгі инвестициялық салалар энергетика, сирек металдар және өнеркәсіп болып табылады. Алдағы 3 жылда Күншығыс елі Қазақстан экономикасына бір миллиард доллар инвестиция салады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар бүгінгі таңда елімізде 70-тен астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

МИЦУАКИ АРИТО, MARUBENI БІРЛЕСТІГІНІҢ ТМД ЖӘНЕ ЕУРОПА ЕЛДЕРІ БОЙЫНША БАС МЕНЕДЖЕРІ:

- Тұңғыш Президент Назарбаевтың күш салуымен Қазақстанда инвестициялық климат жақсарды. Алдағы уақытта серіктестікті одан әрі нығайтуды көздеп отырмыз. Жақында президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтың белгілеген бағыты бойынша жаңа Қазақстанды құрады деп ойлаймын.

ТАКЭО КАВАМУРА, ЖАПОНИЯ ПАРЛАМЕНТІ ҚАУЫМДАР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

- Орталық Азияның көшбасшысы болып табылатын Қазақстан республикасы болашақта қарқынды дамитынына сенімім мол. Біз достық пен сенімге негізделген қарым-қатынасымызды одан әрі жалғастырамыз. Алдағы уақытта Жапония Парламентінің Қазақстанмен Достық лигасының мүшелерін көбейткіміз келеді. Бұл жапон парламентшілері Қазақстанға, сондай-ақ Қазақстан Парламентінің мүшелерінің Жапонияға сапарларының қарқынын арттыру үшін негіз болады. Сонымен қатар біз парламентаралық байланыстарды жыл сайын өткізуге дайынбыз.

Саясаткерлер, бизнесмендер және Жапония академиялық топтарының өкілдері екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. 27 жыл ішінде дипломатиялық қарым-қатынастың іргетасы нығайа түскен. Демек, алдағы уақытта өзара тиімді жобалар жүзеге асырылатын болады.

Фото: mfa.kz