Қазақстан мен Испания ынтымақтастық аясын кеңейтпек

Қазақстан мен Испания ынтымақтастық аясын кеңейтпек

Қазақстан мен Испания өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейте беруге мүдделі. Қос мемлекет ауыл шаруашылығы, баламалы энергетика, көлік жасау, химия өндірісі салаларындағы әріптестікті нығайтуға жете көңіл бөлуді көздеп отыр. Сонымен қатар тараптар қазақстандық жеңіл өнеркәсіпті қалыптастыруда бірлесе әрекет етпек.

ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біз инвестиция тарту бойынша басымдықты елдерді анықтадық. Испания сол басымдықты елдердің қатарына кіреді. Қазіргі кезде Қазақстанның машина жасау, химия, инженерлік-коммуникациялық технологиялар салаларында жұмыс істеп жатқан испаниялық компаниялар бар. Бірақ әріптестік әлеуеті толықтай қолданылмай отыр. Мысалы, Испанияда киім өндірісімен айналысатын әлемдік деңгейдегі кәсіпорындар өте көп. Испаниялық әріптестермен бірлесіп, өзіміздің шикізат пен тың технологияларды пайдалана отырып, сондай компанияларды өзімізде де құруға болады.

Бүгінде испан бизнесмендері елімізде өз кәсіптерін табысты әрі жүйелі жүргізіп келеді. Қазақстандық нарыққа талпынған кәсіпкерлердің қарасы мол. Олар еліміздегі экономикалық тұрақтылық пен бизнесмендерге жасалған жеңілдіктерге риза.

ШИАНА МЕНДЕС, ИСПАНИЯНЫҢ САУДА ЖӨНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

- Форум екіжақты байланысты дамытуға бағытталған. Ынтымақтастықты одан әрі дамытатын салалар жетіп артылады. Сондықтан осындай шараларды қолдаймыз. Кездесуде Қазақстанның сауда-инвестициялық мүмкіндіктерін танып біліп, келешек әріптестігімізді талқыладық.

КОНСТАНТИН ЖИГАЛОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИСПАНИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

- Қазақстанда әлемдік танымал компаниялар жұмыс істейді. Дәлірек айтсақ, қазір елімізде испаниялық капиталдың қатысуы бар 61 компания бар. Олардың көбі Қазақстанда өз кеңселерін ашқан.

Қазақстан мен Испания байланыс көкжиегін кеңейтуді мақсат етеді. Қазір екі ел арасындағы сауда айналымы 2 миллиард еуродан асты. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 30 процентке артық.

 

 

Фото: e-history.kz