Қазақстан мен Өзбекстан сауда ынтымақтастығын кеңейтеді

Қазақстан мен Өзбекстан сауда ынтымақтастығын кеңейтеді

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық рекордты көрсеткішке жетті. 2018 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 26%-ға ұлғайып, 2,5 миллиард долларға жуықты құрады. Мамандардың айтуынша, өсімге шекара маңындағы аумақтардың дамуы өз әсерін тигізген. Алдағы уақытта сауда көлемін арттыру мақсатында шекарада сауда-экономикалық ынтымақтастықтың халықаралық орталығын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде бұл мәселе екі елдің үкіметтерімен қызу талқылануда.

ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

– Өзбекстанның Инвестиция министрінің және Қазақстанның Ұлттық экономика министрінің орынбасарлары екі елдің шекарасы маңындағы аудандарда болып қайтты. Тараптар шекарадан өту, кедендік өткелдер, көлік инфрақұрылымының қолайлылығына қатысты мәселелерді сөз етті. Алдағы уақытта үлкен сауда-логистикалық орталық құрылады. Ол нақ осы мәселелермен айналысатын болады. Біз өзбек кәсіпкерлерін аграрлық жобаларымызға кеңінен қатысуға шақырдық, өйткені Қазақстан – бұл ЕАЭО нарығына шығуға мүмкіндік беретін үлкен алаң.    

2019 жылы Өзбекстан мен Қазақстан жеткізілетін тауарлар тізімін арттыруды жоспарлап отыр. Мысалы, өзбек нарығына бірегей «балық бауырсақтары», ұннан жасалған өнімдер мен құрылыс материалдары шығарылмақ.

ЛАЗИЗ КУДРАТОВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САУДА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Екі мемлекеттің арасындағы саудада өсім бар. Жалпы мұндай көрсеткіш соңғы 2-3 жылда болмаған. Бұл әрине көңіл қуантады. Алдағы уақытта байланысты одан әрі жақсарту арқылы екі ел басшыларының  тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу жөніндегі алға қойған міндеттерін орындайтынымызға сенімдімін. Оған күш біріктіру және жаңа инвестициялық жобалар мен сауда-саттықты дамыту арқылы қол жеткіземіз деп ойлаймын. Бұл өзара экономикалық байланысты жаңа әрі сапалы деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді.

Фото: zakon.kz