Қостанай автозауыты экспортты еселеді

Қостанай автозауыты экспортты еселеді

2023 жылға қарай өндіріс көлемін жылына 60 мың көлікке, одан кейін 100 мыңға дейін жеткізу. Қостанайлық автоөндірушілер осындай мақсат қойып отыр. Шет мемлекеттерге шығарылатын экспорт көлемін арттыру да зауытты дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Еске сала кетсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша, отандық кәсіпорын Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь елдеріне 2 миллион 600 мың доллардан астам темір тұлпар жеткізген. Жақында Әзербайжанмен серіктестік орнату мәселесі қарастырылып жатыр. Айта кетерлік тағы да бір жайт, қазақстандық ірі автоөндірушінің капиталына трансұлттық Қытай компаниясы қаржы салмақ. Бұл өз кезегінде, өндіріс көлемі мен қарқынының артуына септігін тигізетін болады. Тікелей және тартылған салымдардың жалпы сомасы бастапқы кезеңде 1 миллиард доллардан асады.

СЕРГЕЙ МОГИЛАТОВ, АВТОЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Алдағы уақытта экспорт географиясы кеңейтіле бермек. Негізгі тұтынушымыз Ресей Федерациясы. Шекараға дейін 170 шақырым. Онда үлкен мегаполистер орналасқан. Оның ішінде, Челябі, Екатеринбург қалалары бар. Ресейдің Урал аймағында тұтынушылар саны өте көп.

Қостанайлық автоөндірушілер биылғы межені 20 мың көліктен асыруды көздеп отыр. Сонымен қатар кәсіпорында ұсақ торапты құрастыру әдісімен француз машиналарын шығару жолға қойылмақ. Бұл темір тұлпарлар ТМД мемлекеттерінің нарықтарына жеткізіледі.  

Фото: press-unity.com