Германия кәсіпкерлері «Астана» ХҚО-мен ынтымақтастық орнатуға ниетті

Германия кәсіпкерлері «Астана» ХҚО-мен ынтымақтастық орнатуға ниетті

Германия кәсіпкерлері мен инвесторлары «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастық орнатуға ниетті. Осыған орай Берлинде ірі компаниялардың басшылары қаржы орталықтарының өкілдері мен сарапшыларға еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Кездесу барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылығы мен жеңілдіктері туралы айтылды. Айта кетейік, іскерлік топ өкілдері Жаңа Жібек жолы аясында Орталық Азия, Еуропа мен Қытайдың көлік-логистикалық байланысындағы Қазақстанның рөлін жоғары бағалады. Олар «Астана» халықралық қаржы орталығын осы салаға инвестициялау мақсатында пайдалануға ниетін білдірді.

ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚР СІМ-НІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Енді еліміздің Сыртқы істер министрлігіне сыртқы саяси мәселелерден бөлек, дамыған мемлекеттерден инвестиция тарту жұмысы жүктелді. Сонымен қатар экспорт бағытындағы үйлестіру жұмыстарын нығайту ісі де қарастырылған. Германия сенімді серіктесіміз болып саналады. Бүгінгі кездесу – неміс қаржыгерлерінің «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты нығайтуға ынталы екендігінің айқын көрінісі.

ЭДУАРД КИНСБРУНЕР, ГЕРМАНИЯ ЭКОНОМИКАСЫ ШЫҒЫС КОМИТЕТІНІҢ АЙМАҚТЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - «Астана» халықаралық қаржы орталығы – өте қызықты платформа. Оған қызығушылық танытқан компаниялар да бар. Оларды көбінесе құқықтық жүйе мен басқа да ұтымды жеңілдіктер баурап алды. Жаңадан ашылған орталық болса да, неміс кәсіпкерлерін тарта алатын мүмкіндігі зор деп ойлаймын.

Соңғы 4 жылда Қазақстан мен Германияның кәсіпорындары құны 2 млрд еуродан астам қаржыға тең 20-дан астам келісімшартқа қол қойды. Бүгінгі таңда неміс инвестицияларының 90%-дан астамы шикізаттық емес секторда. Ресми мәліметтерге сәйкес, екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы 5 миллиард еуродан асты. Бұл 2017 жылға қарағанда 21% -ға артық. Сонымен қатар бүгінгі күні Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын бар.

Фото: 24.kz