Иран билігі қазақстандық кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасайды

Иран билігі қазақстандық кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасайды

Иран билігі қазақстандық кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауды көздеп отыр. Алдағы уақытта отандық экспорттаушылардың өз өнімімен бұл елдің нарығына шығуы жеңілдетілмек. Осы мақсатта халықаралық іскер қауымның өкілдері жақында Астанаға келіп, кәсіпорындарымыздың жұмысымен етене танысады. Иранды ең алдымен еліміздің ауылшаруашылығы мен пайдалы қазбаларын өндіру салалары қызықтырып отыр. Айта кетерлік жайт, Тегеран бидай, арпа және басқа да дәнді дақылдарды өсіру, сақтау және тасымалдау жағдайларын байқап біледі.

МЕХДИ ЗАХЕДИАВАЛЬ, ИРАН САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Бізді қызықтырып отырған басты сауал – Қазақстан ауылшаруашылығының бүгінгі деңгейі. Астананың көмегімен ұзаққа созылған осы мәселені шешіп, қоймаларымызды астықпен толтырамыз деген ойдамын. Қазақстан Иранның ұзақ мерзімді серіктесіне айналатынына сенімдімін. Қос елдің сауда палаталары осы мақсатқа жету үшін бизнесмендерге көмектесуі керек.

Тегеран ауыл шаруашылығынан өзге еліміздің машина жасау саласы мен азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр.

МОХАММАД ВАТАНПУЛ, ЭКОНОМИСТ:

 - Бүгінде Иран геосаясат пен география тұрғысынан Қазақстанды басқа елдермен жалғай алатын көпір іспеттес. Бұдан басқа, теңіз бен теміржол арқылы да жеткізуге мүмкіндік бар. Егер транзиттік жүк Иран мемлекеті арқылы өтсе, онда кеден салығы өзге елдермен салыстырғанда төмен болады. Екі елдің арасындағы бизнес ынтымақтастық екі тарап үшін де тиімді әрі қауіпсіз.

Өзге елдерге тауарларды экспорттау Қазақстан мен Иран арасындағы серіктестіктің басты бағыттарының бірі болатын түрі бар. Тегеран осы салада Астанаға барынша қолдау көрсетуге ниетті. Ал Қазақстан алдағы 3 жылда экспортты дамытуға 500 миллиард теңге бөледі. Сонымен қатар өнімін сыртқа шығаратын кәсіпорындар үшін тасымалдау шығындарын өтеу және сервистік қолдау көрсету де қарастырылып отыр.

Фото: inform.kz