Қазақстан-Франция ынтымақтастығы

Қазақстан-Франция ынтымақтастығы

Қазақстан мен Франция орнаған өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда. Қос тарап өкілдері бүгінгі таңда екі мемлекет арасындағы экономикалық байланысты кеңейтуге ерекше мән береді. Франция – Қазақстан үшін басты инвесторлардың бірі. Екіжақты қарым-қатынас орнағаннан бері француз компанияларының еліміздің экономикасына салған тікелей инвестициясы 37 миллиард доллардан асты. Француз бірлестіктері ең алдымен Қазақстанның қолайлы инвестициялық жағдайына қызығып, Орталық Азия мен Еуразиялық нарыққа кіруге үлкен мүмкіндік ретінде қарастырады.

ИВАН ТРУЙО, ECMGREENTECH КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ /ФРАНЦИЯ/:

 - Сіздің елде көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан тәжірибеміз мол. Қазақстанда бизнес жүргізу жеңіл. Кәсібіңді дөңгелетуге барлық жағдайлар жасалған. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында біздің елдің бірнеше бизнес ошақтарының филиалдары ашылып, жемісті еңбек етуде.

ИЗАБЕЛЬ ЛОЗОН, IDEMIA КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біздің бірлескен жетістіктеріміз, әлемге, сіздің елді жарнамалап таныстыруға жақсы мүмкіндік берер еді. Бүгінгі таңда біз жұмыс істейтін сала инновациялық сектор болып табылады. Сыртқы әлемдегі Қазақстан Республикасының инновация саласындағы имиджін арттыруға дайынбыз.

КРИСТОФ РОССИ, КОМПАНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ, ФРАНЦИЯ:

 - Қазақстанның цифрлық эволюциясына біз әзірлеген өнімдермен бірге қатысуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жергілікті серіктестерді тауып, алға қойған мақсаттарымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Сонымен бірге Қазақстанда  деректерді сақтау және мұрағаттауды орналастыру үшін DATA тарапынан жоспарлар да баршылық.

Тараптар цифрландыру және баламалы энергетика салаларын одан әрі дамыту ынтымақтастықтың басым бағыттары деп санайды. Франциядағы бизнес-форумда, Астана халықаралық қаржы орталығы мен ұлттық компаниялардың басшылары шетел кәсіпкерлеріне берілетін артықшылықтар мен жеңілдіктер туралы толығырақ айтып берді. Қазақстан Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған кездесуде француз инновациялық компаниялары еліміздің нарығымен танысып, өз ойларымен бөлісті.

ЖАН ГАЛИЕВ, ҚР ФРАНЦИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Бизнес-форумда Қазақстан-француз ынтымақтастығының келешегі талқыланды. Бүгінгі таңда Қазақстанды танып келе жатқан көптеген француз кәсіпкерлері арасында елімізге деген қызығушылық туып отыр. Қазақстан делегациясы жергілікті компания өкілдеріне елімізде бизнес жүргізуге қатысты барлық ақпаратты беріп, оның тиімділігін көрсетті. Бұл француз инвесторларына сенім ұялатқаны анық.

Айта кетейік, кездесу барысында ақпарат жүйесі мен күн панельдерін өндіруші француз компаниялары қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар Францияның IT-саласындағы көшбасшысы Қазақстан экономикасына инвестиция салуға дайын екенін де мәлімдеп отыр.

Фото: baribar.kz