Павлодар мен Омбы облысы арасында сауда-экономикалық байланыс артты

Павлодар мен Омбы облысы арасында сауда-экономикалық байланыс артты

Павлодар мен Омбы облысы арасында сауда-экономикалық байланыс нығайып келеді. Өткен жылы екі шекаралас аймақтың арасындағы тауар айналымы бірнеше есеге артты. Бұған бірлескен кәсіпорындардың көптеп құрылуы оң әсерін тигізді. Жақында ресейлік кәсіпкерлер делегациясы Павлодарға арнайы сапармен келді. Олар инновациялық кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты.

НҰРБОЛАТ СЕЙТМАҒАМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

-  Біз тауар айналымын кем дегенде 15 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Есептеулеріміз бойынша, тауар айналымының көлемі 20%-ға жуық артуға тиіс, оның ішінде Ресей Федерациясына экспорт та бар.

Омбы облысының сыртқы сауда айналымының 30 пайызы Қазақстанға тиесілі. Ал Павлодар облысының кәсіпорындары құны 1 миллиард доллардан асатын өнім түрлерін Ресейге жеткізген. Қазіргі таңда экспорт көлемі 27 пайызға артыпты.

ОЛЬГА ФЕДУЛОВА, ОМБЫ САУДА-ӨНЕРКӘСІПТІК ПАЛАТАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біз павлодарлық шаруашылықтар үшін ауылшаруашылық техникаларын өткізу жолдарын дамытсақ дейміз. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуші кәсіпорындар құрып,  кейбір  азық-түлік түрлерімен алмасу жағын да ойластырамыз.

Екі елдің арасында машина құрастыру, химия және агроөнеркәсіп кешені саласында ынтымақтастық орнаған. Ресей тарабы келешекте құрал жасау бойынша ұзақ мерзімді әріптестік орнатуды ұсынды. 

АННА КОЛОКОЛОВА, ОМБЫ ОБЛЫСЫ ЭКСПОРТТЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл жерде қос тарапқа ортақ, бірлескен кәсіпорындар  турасында әңгіме қозғалып отыр. Мәселен, құралдарды жинақтау өндірісін  Қазақстанда, оның ішінде Павлодар аумағында құруға мүмкіндік бар.

Павлодардың полипропилен зауытының нарықта өз орны бар. Бәсекеге қабілетті өнімге алыс-жақын шетелден сұраныс жоғары. Алдағы уақытта аталмыш кәсіпорын аймақтың экспорттық әлеуетін одан ары күшейте түспек. 

ОЛЖАС ЫҚЫЛАСОВ, ПОЛИМЕРЛІ БҰЙЫМДАР ӨНДІРІСІНІҢ БАСШЫСЫ:

-  Жалпы экологиялық сапа жағынан өте жоғары деңгейлі болғандықтан, 35-тей пайызы Ресейге жіберіледі. Ал 15 пайызы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне барады. Сұраныс өте үлкен.

Жуырда жаңа технологиялық желі іске қосылды. Соның нәтижесінде экспорттық әлеуеті жоғары өнім – метил-трет-бутил эфирі мен полипропилен  пайда болды. Мұнда 500 келіден бастап, сыйымдылығы 60 тонналық көлемдегі салмақты көтеретін жұмсақ контейнерлер жасалады. Түрлі өлшемдегі қаптардың қазір жылына 1 миллион 200 данасы  шығарылады. Кәсіпорын келешекте өндіріс қуаттылығын арттыруды көздеп отыр.

Фото: vesti22.tv