Польшада Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Польшада Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Польшада Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі 40-қа жуық компанияның жетекшілері еліміздің бизнес-климатына қызығушылық танытты. Басқосуда Польшаның белді кәсіпкерлері Ұлы дала елінің инвестициялық мүмкіндіктері, екіжақты ынтамақтастықты дамытудағы тиімді салалар мен үкіметтік қолдау шараларымен танысты.  

БІРЖАН ҚАНЕШЕВ, ҰЛТТЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

 - Бірлескен өндіріс құрып, бірлесіп инвестиция жасаудың мүмкіндіктері бар. Бұл кезеңді поляк инвесторлары да растап отыр. Кем дегенде 5-6 келісім жасаймыз деген ойдамын. Сонымен қатар 15 мамырда Астанада халықаралық инвестициялық форум өтеді деп жоспарланып отыр. Сонда нақты келісім-шарттарға қол қоямыз деген ойдамын.

Польша кәсіпкерлері бизнесті жүргізуге арналған көптеген жеңілдіктер, табысты іскерлік мүмкіндіктерге, сондай-ақ оңайластырылған виза тәртібінен бастап салық жеңілдіктеріне дейін қызығушылық танытып отыр. Олар Қазақстан Орталық Азия аймағындағы экономикалық дамудың көшбасшысы болып табылатынын атап өтті.

ЯЦЕК ШВАЙЦОВСКИЙ КӘСІПКЕР, ПОЛЬША:

-  Қазақстанның инвестициялар мен дамуға соншалықты ашық екені маған ұнап тұр. Сонымен қатар таныстырылымда бизнестің құқықтық мүмкіндіктері мен қалай қорғалатынын білдім. Шара өте қызықты өтті. Бүгінгі таңда Польшаның ауылшаруашылығы саласы, химия мен фармацевтикасы мықты дамыған, бұл – тығыз ынтымақтастық орната алатын салаларымыз. Сондай-ақ әріптестерімнің көбі Қазақстанға инвестиция салуды ойлап жүргенін атағым келеді.

ӘЛІМЖАН АХМЕТОВ, КӘСІПКЕР:

 - Біздің компаниямыз – Түркістан облысында орналасқан сүтті тауарлы ферма. Бүгінде 1200 бас ірі қара мал бар. Сиырларды Канададан және Еуропадан алып келгенбіз. 20 тоннаға жуық сүт өндіріп жатырмыз. Енді, міне «Агрокредиттік корпорациядан» кеңеюге мүмкіндік алдық. Келесі жылы біздің фермадан күнделікті шығатын сүт көлемі 60 тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Сондықтан ол сүтті өндеп сату үшін біз зауыт ашуды жоспарлап жатырмыз.

Варшавада өткен басқосуда «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері туралы да айтылды. Делегациямыз орталықтың жұмысы мен артықшылықтарын жан-жақты түсіндіріп берді. Поляк бизнес-қоғамдастығында «Астана» ХҚО перпективті жоба ретінде танылып, әртүрлі ұсыныстар жасап келеді.

МАРҒҰЛАН БАЙМҰХАН, ҚР ПОЛЬШАДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Астана экономикалық форумы аясында инвестициялық экономикалық форумға қатысу үшін Польша тарапынан нақты ұсыныстар бар. Мұнда блокчейндер, электронды ақша бойынша жақсы технологиялық шешімге ие ірі компания бар. Бұл біздің экономикамыздың сегменті үшін қызықты болатын ноу-хау деп санаймын. Біздің алға қойған мақсатымыз – Қазақстанға инвестиция тарту, сонымен қатар еліміздің экспортын қолдау. Мәселен, Қазақстаннан зығыр жеткізу үлкен қызуғышылық тудырып отыр.

Көлемі жағынан Еуроодақтағы 6-шы экономикамен бірлескен Қазақстан – логистика және фармацевтика салаларында белсенді жұмыс атқарып келеді. Қос тараптың машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс материалдарын өндіруге қызығушылығы бар. Осы бағытта бірлескен жобалар да белгіленген. Варшава мен Краков бизнесмендері Қазақстан аймақтарына іскерлік сапармен аттанбақ.

Фото: mfa.gov.kz