Биыл Құрық айлағы 2,5 млн тоннадан астам жүк тасымалдауды жоспарлап отыр

Биыл Құрық айлағы 2,5 млн тоннадан астам жүк тасымалдауды жоспарлап отыр

Маңғыстау облысы қарқынды даму үстінде. Өңірдің дамуына жергілікті порттардың қосып отырған үлесі елеулі. Биыл Құрық айлағы 2,5 миллион тоннадан астам жүк тасымалдауды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 миллион тоннаға көп. 4 кемежай тәулігіне 8 кемені қабылдайды. Қытайдан шыққан жүк Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Украина елдері арқылы Еуропаға жеткізіледі.

АЗАТ БАЛЫҚБАЕВ, ЭКСПЕДИТОРЛЫҚ БӨЛІМ МАМАНЫ:

 - Осында жолаушылар мен жүргізушілердің құжаттарын рәсімдейміз. Бүкіл жұмыс автоматты түрде жүргізіледі. Осындай таза әрі әдемі ғимаратта отырамыз.

Құрық порты әзербайжандық әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастық орнату туралы келісті. Бүгінде Бакумен арада тұрақты паром қатынасы орнаған. Алдағы уақытта Түрікменстан және Иран елдеріне басқа да паром желілерін ашу жоспарланған. Еске салсақ, шөл мен Каспий теңізі түйіскен аймақта орналасқан Маңғыстау облысы ежелден Ұлы Жібек жолының транзиттік аумағы және ірі сауда орны болған. Өңір бұл беделін бүгін де сақтап келеді. Өткен жылы мұнда 200 мыңнан астам турист болып қайтқан. Ал 7 жылдан кейін олардың саны 750 мың адамға дейін өсуі мүмкін.

ГҮЛМИРА СҮЙЕУОВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен Геобақ құрылса, мұнда келуге болады. Аймақта қазақ ұлттық қолөнерін дамытуға болады. Кәсіпкерлік қызметпен де айналысуға болады.

Қазір теңіз жағалауында ауқымды архитектуралық ансамбль бой көтеруде. Ол Ақтауды айналып, бірнеше шақырымға созылады. Келер жылы Каспийдің жағасында ірі габаритті құрғақ жүк таситын кемелерге арналған айлақ салынады, крандардың жұмысы ұйымдастырылады.

Фото: miid.gov.kz