Қазақстандық ғарыштық байланысы орталығы халықаралық нарыққа шығады

Қазақстандық ғарыштық байланысы орталығы халықаралық нарыққа шығады

Қазақстандық ғарыштық байланысы орталығы халықаралық нарыққа шығады. Кешен Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттеріне өз қызметтерін ұсынбақ. Аталған елдердің өз спутниктері жоқ. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің ғарыштық байланыс саласындағы экспорттық әлеуеті 65 миллион теңгені құрайды. Бүгінде «Қазсат-2» және «Қазсат-3» жерсеріктерінің ресурстарын 20-дан аса қазақстандық ұйым пайдаланып отыр. Өткен жылы ғарыш аппараттарының қызметінен 5 миллиард теңгеден астам табыс таптық. Ал биыл республикалық ғарыштық байланыс орталығының қызмет көрсету аясы кеңейтіліп, аталған соманың артары анық. Орталық қызметінің арқасында 300-ге жуық спутниктік теле және радиоарна хабар таратып отыр. Одан арысы, еліміздің экономикасына 47 миллиард теңгеге тең импорт алмастыру іске асты.

ВИКТОР ЛЕФТЕР, «РҒБО» АҚ БАСШЫСЫ КЕҢЕСШІСІ:

-  Кешенді әрі қарай дамыту қажет. Бұл жаңа технологиялар, жаңа спутниктер, жаңа шешімдер, арзанырақ, жаһандық топтар, аз құралдар, төмен ұшатын нысандар. Әрине осының барлығына Қазақстан қатысады. Біз қазіргі уақытта Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және басқа да көрші елдермен байланыс қызметтерін ұсыну мүмкіндігі мәселесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінгі таңда біздің топ Өзбекстаннан оралды, мәселе зерттелуде.

ДИДАР ЗАРҚҰМОВ, «РҒБО» АҚ ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕРІ:

-  Ғарыш аппараттарымыз бүкіл Қазақстан аумағын, сонымен қатар көршілес Орталық Азия мемлекеттерін қамтуда. Кез келген оператор өзінің антеннасын апарып, таудың ортасынан болсын, кез келген аймаққа қойып, біздің спутникке қаратып, кез келген байланыс түрін қамтамасыз ете алады. Мәселен, бүгінде Қырғыз елі көп қолданады. Біздің оператор арқылы олар өздерінің антенналық системаларын қояды да, сол арқылы біздің ғарыштық аппараттармен жұмыс істеуде.

Фото: rcsc.kz