Қазақстан Иранға күріштің «таром хашеми» түрін сататын болды

Қазақстан Иранға күріштің «таром хашеми» түрін сататын болды

Қазақстан Иранға күріштің «таром хашеми» түрін сататын болды. Экспортпен Қызылорда облысының шаруалары айналысады. Бүгінгі таңда тауарды жіберуге арналған екіжақты келіссөздер жүргізілуде.  Айта кетейік, жалпы Иран еліне  күрішті Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд, Үндістан мен Ирак елдері жеткізіп жүр. 

МОХАММАД ХОССЕЙН АНСАРИ ФАРД, ИРАН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Иран ауа-райы қуаң және жартылай қуаң аймақтардың қатарына жатады. Осыған байланысты тек Каспий теңізі аймағында күріш өсіруге мүмкіндік бар.  Бірақ оның мөлшері ішкі нарығымызға жетпейді. Сол себептен Таром Хашеми күрішінің дәндерін көрші елдерге, Ресей мен Қазақстанға тапсыру туралы шешім қабылданды. Ең жақсы өнім сіздердің елдеріңізде шыққан, өйткені ауа-райы Каспий маңына ұқсас. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары бірнеше рет Қазақстанға барып, күріш экспорты жөнінде келіскен.

«Таром хашемидің» 60 тонна көлеміндегі сынама партиясы Иранға 2018 жылы жеткізілген. Ал биылғы жылы 500 тонна көлемінде тауарды экспорттау көзделіп отыр. Сонымен қатар Иран мамандарының мәлімдемесіне қарағанда, алдын-ала келісімдерге сәйкес күріштің алғашқы партиясы осы айда жеткізіледі, деп жоспарланып отыр.

АЙДИН ФАДАКАР,  БИОЛОГИЯ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 -  Таром Хашеми күріші Қазақстанда жақсы өнім берген. Мамандарымыз осы мәселеде елдеріңізді бұрыннан қарастырып жүрген. Бұл сіздердің шаруаларыңызға да, біздің тұтынушыларға да тиімді болып отыр. Сонымен қатар бізге жоғары сапалы өнім қажет, ал қазақстандық шаруалар осындай сапаны беріп отыр.

Биылғы жыл Иран күріш өсіруші шаруалар үшін тың өзгерістерге толы болады деп күтілуде.  2020 жылы қазақстандық күріштің экспорты артуы мүмкін, бұл Иранның өзге елдерден тәуелділігін азайтпақ. Ал болашақта Иран, тіпті басқа жеткізушілерден бас тартып, сапалы өнімді жеткізетін Қазақстанға басымдық беруі ықтимал. Айта кетейік, бүгінгі таңда қызылордалық ақ алтын Орталық Азия елдері, сонымен қатар Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Моңғолия және Ресей мен Еуропа елдерінің кейбір аймақтарына экспортталып келеді.

Фото: iran.ru