Бельгиялық компаниялар Қазақстанға келеді

Бельгиялық компаниялар Қазақстанға келеді

Брюссельде Қазақстан мен Бельгия арасындағы екіжақты инвестициялық ынтымақтастық талқыланды. Брюссельде өткен кездесуде қазақстандық мамандар шетелдік кәсіпкерлерге елдің бай ресурстық әлеуеті, инвестициялық стратегияның негізгі бағыттары, сондай-ақ инвесторларды қолдау шаралары туралы баяндады. Олар ірі көліктік-логистикалық мүмкіндіктерді және Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығына қол жеткізуді ескере отырып, бірлескен кәсіпорындар құруды ұсынды. Айта кетейік, Қазақстан мен Қырғызстандағы Бельгияның экспорт және инвестициялар жөніндегі Валлон агенттігінің қолдауымен бельгиялық кәсіпкерлер мен инвесторлар маусым айының басында елімізге келеді.

АЙНҰР ТУМЫШЕВА, ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ ЕУРОПАМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Қазір біз бельгиялық компаниялардың қызығушылығын тудыру үшін Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен инвестициялық мүмкіндіктер туралы ақпарат таратуға ден қойып отырмыз. Алдымен еліміздің заңнамасы, жеңілдіктер және нақты жобалар туралы баяндаймыз. Ал еліміздің Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, Қазақстан мен Бельгия арасындағы инвестициялар мен сауда айналымының жыл сайынғы өсуі байқалады. Қазіргі таңда бұл көрсеткіштің жылдық өсімі 20 пайызға тең болып отыр.

ШАНТАЛЬ ДЕ БЛЁ, AWEX БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстанмен ынтымақтастық күшейіп, бельгиялық компаниялардың елдеріңізге деген қызығушылығы артуда. Қос тарап әр түрлі салаларда тығыз ынтымақтастық орната білді. Бірқатар сұранысы жоғары компаниялар ноу-хаудың жаңа қырын қалыптастарып, тауарларды тек экспортқа шығарып ғана қоймай, сонымен бірге қызметкерлерді оқытып, жаңа технологиялармен бөлісе алады. Еуразиялық экономикалық одақ нарығының ашылуы Қазақстанда екі себепке байланысты Бельгия компанияларының жұмысын жеңілдетеді. Бірінші себеп – бірыңғай өнімді сертификаттау. Екінші себеп – Қазақстан мен Ресейдің, сондай-ақ басқа да көрші елдердегі еуразиялық нарықтың зор әлеуетінің болуы.

Еске сала кетейік, соңғы 10 жылда Бельгияның Қазақстанға инвестициясы 7 миллиард доллардан асқан. Ал екі мемлекет арасындағы тауар айналымы арғы жылмен салыстырғанда 41 пайызға өсіп, 374 миллион долларға жетті. Қазақстаннан экспорт 2 есеге ұлғайған. Сонымен қатар бүгінгі таңда біздің елде Бельгия каптиталының қатысуымен түрлі салаларда 70-тен астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

Фото: mfa.gov.kz