Қостанай облысындағы жылқы өсіретін шаруашылықтың экспорты артады

Қостанай облысындағы жылқы өсіретін шаруашылықтың экспорты артады

Қостанай облысындағы жылқы өсіретін шаруашылық экспорттық әлеуетін арттыруды көздеп отыр. Биыл ет пен қымыз Ресей және Қытай нарығына жол тартады. Щербаков ауылындағы шаруа қожалығы өз жұмысын 2006 жылы 50 бас жылқыдан бастаған. Ал қазір Қамбар ата түлігінің саны 700-ден асады. Тіпті асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылыққа айналды. 10 мың гектардай жайылымдық жері бар. Бұған қоса өңірдегі ең ірі шипажайға жақын орналасқан. Еті, қымызы өтімді. Жазда демалушылар арнайы келіп, емдік қасиеті мол жылқы еті мен ұлттық сусынды тұтынады.

ӘМІРБЕК ЫСМАЙЫЛОВ, ЖЫЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Мал сою бекетін салдық. Салқындатылған етті тоңазытқышта жинап экспортқа жібереміз. 25 бастың әрқайсысынан 150 келі ет шықса күніне 4 тонна, 1 айда 120 тонна болады. Қымыз жасауды осы көктемде бастадық. 30-40 шақты жылқы сауамыз. Қымыз цехы жұмыс істеп тұр.

Шаруашылықта 500 бас жылқыға шақталған бордақылау алаңы бар. Дегенмен кейбір мал Қарабалық ауданындағы бірінші дәрежелі алаңда семіртіледі.

ЕРЖАН САМИДОСОВ, АЛТЫНСАРИН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Көптеген шаруашылықтар тапсырып жатыр. Өйткені үкімет жағынан қолдау бар. Бұл тапсырған малдың тірі салмағына 200 теңгеден төленеді. Оның сыртында «Сыбаға» бағдарламасында айтылғандай шетелден әкелінген малдарға 215 теңгеден субсидия төленеді.  

Жылқы, сиыр, қой өсіруді таңдағандар «Еңбек» бағдарламасындағы тиімді шарттарды пайдалана алады. Мал шаруашылығын дамытуға облысқа биыл 3 млрд теңге бөлінді. Кәсіп ашуда бірқатар жеңілдіктер орнатылып, кепілдік жағынан шектеулер жойылды.  

МАРАТ САЛЫҚБАЕВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бастауыш кәсіпкерлерге 85 пайыз кепілдік беріледі. Жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге 50 пайыз кепілдік қарастырылған, егер кепілдіктері жетпесе. Сондай-ақ алып жатқан малдарын, техникаларын кепілге аламыз.

Тобыл өңірінің шаруаларына биыл «Сыбаға» бағдарламасымен 900-ге жуық қаржылай несие беріледі.

Фото: jasqazaq.kz