Қазақстан кемемен жүк тасымалын арттырады

Қазақстан кемемен жүк тасымалын арттырады

Қазақстан кемемен жүк тасымалын арттырады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы «Кеме қатынасы туралы үкіметаралық келісім» осындай теңдессіз мүмкіндік беріп отыр. Құжат бестік мемлекеттеріне кемемен жүк тасымалдауға рұқсат алу уақытын қысқартады. Ол үшін қазір тасымалдауды жүзеге асыратын отандық компаниялардың тізімі түзіліп жатыр.

ЖАСҰЛАН КЕРІМБАЕВ, ҚР ИИДМ КӨЛІК КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

 - Сонымен қатар шекараны кесіп өтуде кеме экипажын, куәландыратын құжаттарды тану бойынша осы арқылы келісімге қол жеткізілді. Кеме экипажының квалификациялық құжаттарын таниды. Қазақстанның көздеп отырған мақсаты – ашық теңіздерге Ресей арқылы ашық теңіздерге шығу.

Еліміз қазір де Ресей арқылы Қара және Жерорта теңіздеріне шығып жатыр. Ендігі мақсат – тасымал көлемін арттыру. Мәселен, былтыр осы теңіздер арқылы 55 мың тонна жүк жеткізілді. Енді кеме қатынастары туралы келісім тасымал көлемін 350 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал Ертіс өзенінің бойындағы жүк айналымы 2018 жылы шамамен 262 мың тоннаны құрады. 2023 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 млн тоннаға дейін жетуі тиіс. Бұл тасымалмен айналысатын отандық компанияларға да тиімді.

АЛТЫНАЙ УӘЛИЕВА, ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Келісім Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі жеңілдіктерді осы одаққа мүше мемлекеттерге де қолжетімді етті. Мәселен, Ресей аумағына  жүк жеткізетін отандық тасымалдаушылар, ондағы компаниялар секілді бірдей порт алымдарын төлейді. Бұрын мұндай болған емес. Айта кетейік, бүгінде елімізде кеме қатынасын дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жасалды. Заңдық тұрғыда осындай маңызды келісім орнады. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт пен Каспий теңізі туралы конвенция түзілді.

Еске сала кетейік, «Кеме қатынасы туралы үкіметаралық келісім»  құжатына биыл 1 ақпанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер қол қойған болатын.  Бастысы қолға алынған шаралар одаққа мүше мемлекеттердің барлығына қолайлы. Әсіресе теңізге шығатын тікелей жолы жоқ Қазақстан үшін тиімділігі зор. Нәтижесінде жүк тасымалы артады. Сәйкесінше еліміздің экспорттық әлеуеті дами түседі.

Фото: informburo.kz