2019 жылы Қазақстан Иранға 1 миллион тонна бидай жеткізбек

2019 жылы Қазақстан Иранға 1 миллион тонна бидай жеткізбек

Тегеран Қазақ елінен бидай сатып алмақ ниетте. Қазақстан, Иран және Ресей ауыл шаруашылық министрліктері үшжақты келісімге қол қойды.  Құжат 5 жылға есептелген. Ол Еуразиялық экономикалық Одақ пен Иран Ислам Республикасы арасында былтыр қол қойылған еркін сауда туралы келісімді толықтырады. Ирандық іскерлердің қазақстандық және ресейлік бидайға деген қызығушылықтары зор. Олар астықты өңдеп, одан ары өз өнімдерін экспортқа шығаруды көздейді. 

МОРТЕЗА МИРИ, ТЕГЕРАН КӘСІПКЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

 - Тегеранның қазақстандық бидайға деген сұранысы түсінікті, өйткені сапасы жоғары. Импорттайтын астықтың бір бөлігін өз қажеттілігімізге пайдаланып, екінші бөлігін қайта өңдеп, Ауғанстан, Сирия және Ирак елдеріне экспорттамақ ойымыз бар. Әзірге жеткізілімдердің көлеміне қатысты нақты келісімдер жоқ. Бірақ Иран іскерлері тарапынан сұраныс көп болары айдан анық. Өйткені көрші елдер ұн мен астық тұтыну бойынша әлемдегі көшбасшылар қатарында.

Осыдан 3 жыл бұрын Иран шетелден бидай сатып алуды шектеген болатын. Оған дейін Қазақстан мен Ресейден астықты көптеп сатып алып келген. Экономистердің есебінше, Иран бүгінде жылына 12 млн тонна астық өндіреді. Бірақ елдегі комбинаттардың бұдан 2 есе бидай өндіретін қауқары бар. Биыл Иран Қазақстаннан 1 миллион тоннаға жуық астық сатып алуға дайын.

МОХАММАД ВАТАНПУР, ЭКОНОМИСТ:

-  Астанамен қазіргі келісіміміз бұрынғыға қарағанда ауқымды болмақ. Біріншіден, сапалы бидайды Иранның ішкі нарығына жеткізу. Екіншіден, өзге елдерге транзит пен экспорт қарастырылған. Бұл жағдай Иранға ғана емес, Қазақстанға да аймақтағы белсенді экспортер атануға жағдай жасамақ. Осындай ынтымақтастық Қазақстанға да, Иранға да тиімді.

Сурет zakon.kz сайтынан алынды.