Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналым көрсеткіші артты

Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналым көрсеткіші артып келеді. Өткен жылдың алғашқы 11 айында ол 12 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 50% артық. Қазақстан Арменияға астық өңдеу өнімдерін, қағаз, картон, фармацевтикалық пен химиялық тауарларды жеткізіп жүр. Өз кезегінде Армениядан Қазақстан жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін және жаңғақтар импорттайды. Сонымен қатар біздің еліміз армян зергерлерінің ірі нарығы болып қала береді.

АГАСИ ПОГОСЯН, ЕРЕВАН ЗЕРГЕРЛІК ЗАУЫТТЫҢ МАРКЕТИНГ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

-  Негізінен жүзіктер, сырғалар, алқаларды сатып жүрміз. Сұраныс көп болғандықтан, өнім түрлерін ұлғайтуды көздеп отырмыз, осы мақсатта  өндіріс қуатын арттырдық. Жақында қазақ үй түріндегі жиынтыққа тапсырыс түсті. Әзірше эскиздерін жасап жүрміз, жақын арада осы бұйымдар қазақстандық тұтынушыларға ұсынуға дайын болады.

Армян тарапының мәлімдеуінше, екі елдің іскер топтарының арасында байланыстың артуына Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы түрткі болған. Бүгінде алыс-беріс үрдісі жеңілдеп, әрі тиімдірек бола түсті, - дейді сарапшылар.

АРМЕН АВАК АВАКЯН, «БИЗНЕС АРМЕНИЯ» ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  2018 жылы экспорттық келісімдеріміздің көлемі 6,8 млрд.-тан асты. Бұл көрсеткішке көрмелерге қатысудың арқасында қол жеткіздік. 2017 жылы 30% өсім болған. Өзара байланыстың артып жатқанын көріп тұрмыз. Болашақта да бұл үрдіс жалғасатынына үміттіміз. Жақын арада зергерлік пен тоқыма бұйымдары, шарап, коньяк, шырын, жеміс пен көкөніс экспортының артуын күтеміз.

Сарапшылардың пікірінше, Арменияның өз нарығында отандық тауарлары мол болғанымен, қазақстандық өнімдерді де сатуға мүмкіндіктері бар. Бүгінгі таңда экономистер сұранысы жоғары қазақстандық тауарлардың тізімін әзірледі. Оған химия өнеркәсібі, азық-түлік, құрылыс материалдары, металлургия мен машина жасау салаларының 43 бұйымы кірген.

ТИМУР ОРАЗАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АРМЕНИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Арменияға трансформаторлар, кабельдер, темір сымдар, болат прокат, табақ металдар сияқты қазақстандық өнімдерге үлкен қажеттілік бар. Сонымен қатар біз жыл бойы жүйелі түрде армян қауымдастықтарына бірнеше рет Арменияда сұранысқа ие қазақстандық өнімдердің барлық тізімін жібереміз. Сондай-ақ Орал трансформаторының өнімдері бірнеше рет ұсынылып қана қоймай, сонымен бірге экспортқа да шығарылды.  Олар ресейлік ұқсас өнімдермен салыстырғанда баға бойынша бәсекеге қабілетті.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынастар тұрақты және серпінді дамып келе жатыр. Қос тарап  тұрақтылық, өзара сенімділік және ашықтықпен сипатталатын әріптестік қарым-қатынастарды дамытты.

Сурет arminfo.info сайтынан алынды.