Қазақстан ауылшаруашылығының әлеуеті

Қазақстан ауылшаруашылығының әлеуеті

2019 жылы Қазақстан 1 миллиард жұмыртқа экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа жету үшін жергілікті құс өсіруші фабрикалар өндіріс көлемін 2 есеге арттырып, жаңа нарықтарды игеруді жоспарланып отыр. Салалық ведомство, сондай-ақ мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударып отыр. Мәліметке сәйкес, 2018 жылы елімізден 20 мың тонна сиыр еті экспортталса, биыл бұл көрсеткіш кем дегенде 30 мың тоннаға жеткізілмек. Бұған қоса, еттің өзге түрлерін өндіріп, сыртқа жеткізу көлемін еселеу қарастырылған. 

АРМАН ЕВНИЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Шошқа етін өндірушілер Қытай нарығына шығуды мақсат етіп отыр. Айтуларынша, жылына 10 мың тоннаға дейіт ет экспорттауға қауқарлары жетеді. Сондықтан бұл мәселені бизнеспен бірлесе отырып шешетін боламыз. Бұған қоса, Ресейде күркетауық етіне сұраныс жоғары.  

Саланың экспорттық әлеуетін арттыруда ғылыми бағыттағы ізденістер қолға алынбақ. Бұл үшін республика бойынша білім орталықтарын құру жоспарланған. Сарапшылардың айтуынша, бұл мекемелер ғылым, білім және агробизнес интеграциясында байланыстырушы буын болмақ.

АНДРЕЙ АГЕЕНКО, ҚАЗАҚ ЕГІНШІЛІК ЖӘНЕ ӨСІМДІК ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Алдағы 5 жылдың ішінде әр ауданда осындай орталық жұмыс істейді. Жергілікті фермерлер жаңа технология туралы, сол аймақта жақсы өсіп, өнім беретін дақылдар туралы, тиімді суару мен будандастыру әдістері туралы ақпарат алу үшін сол орталыққа бара алады.

Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту үшін білікті ғылыми кадрлар қажет. Еліміздің салалық ведомствосы агроғылымның құрылымын әлемдік тәжірибеге сәйкестендіру шараларын қолға алмақ. Жақын уақытта отандық 300 жас ғалым шетелдің үздік жоғары оқу орындарына аттанып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша озық білім алу мүмкіндігіне ие болады.

АНДРЕЙ АГЕЕНКО, ҚАЗАҚ ЕГІНШІЛІК ЖӘНЕ ӨСІМДІК ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Нақты мысалдар бар. Бразилия, Аргентина елдері кезінде агроғылымды көтеру үшін докторанттарын, жас ғалымдарын АҚШ-қа жіберіп, білімдерін жетілдірген. Мамандары зерттеу орталықтарында тәжірибе жинақтап, кейін алған білімдерін өз елдерінде пайдалана алды. Сөйтіп мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамытуға үлестерін қосты.

Қазақстан келешекте ауыл шаруашылығын экономика драйверлерінің біріне айналдыруды көздеп отыр. 2022 жылы республика саладағы еңбек өнімділігін арттырып, өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін 2,5 есеге арттыру жоспарын қойып отыр.