Қазақстан инвестиция тартуға тиімді 40 әлеуетті елді белгіледі

Қазақстан инвестиция тартуға тиімді 40 әлеуетті елді белгіледі

Қазақстан өз экономикасына қосымша инвестиция тартуды көздеп отыр. Осы межеленген мақсатты жүзеге асыру үшін еліміздің сыртқы істер министрлігі инвесторлармен жұмыс жүргізудің жаңа жүйесін ендіруді қолға алды. Қазір ведомства қаржы тартуға тиімді 40 елді белгілеп қойды. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Украина, Өзбекстан сынды елдер бар. Сарапшылар шикізаттық емес салаларға басымдық берілетінін айтады. Оған тамақ өнеркәсібі, мұнай мен газды терең өңдеу өндірісі, химия және машина жасау секторы енеді.   

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ҚОРЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА МЕН САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

-  Сырттан инвестиция тартуға қолайлы деп танылған екінші топқа ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, туризм мен қаржы салалары кіреді. Осы секторлардың әлеуеті қаржы құюға аса тиімді деп саналады. Инвесторларға барынша қолдау жасау көзделген. Осылайша ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделіп отыр.   

2020 жылға қарай Қазақстанға тартылатын инвестицияның ағынын 2016 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғайту көзделіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, дамыған мемлекеттердің инвесторларымен белсенді қарым-қатынас орнату сыртқы нарыққа отандық өнімді шығаруға үлкен сеп болмақ.  Бұл орайда былтыр 54 миллиард доллардан астам өнім экспортталғанын айта кету керек.

БЕЙБІТ АТАМҚҰЛОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

-  Бізге салалық ведомствалармен бірлесіп отандық тауар өндіруші кәсіпорындарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін кешенді шараларды қолға алу керек. Өнімнің сапасымен қатар қаптау жағын жөнге келтіру қажет. Бұл экспорттық тауарлардың тұрақты тасымалын қамтамасыз етеді.

Қазақстан экономикасына сырттан қаржы тарту ісімен инвестициялық қор айналысатын болады. Оны құру үшін 970 миллион доллар бағыттау көзделіп отыр.