Қазақстандық автоөнеркәсіп кешенінің даму қарқыны 80 пайызды құрады

Қазақстандық автоөнеркәсіп кешенінің даму қарқыны 80 пайызды құрады

Қазақстандық автоөнеркәсіп кешенінің даму қарқыны өткен жылы 80 пайызды құрады. Сарапшылар көрсеткіштердің өсімін цифрландыру үрдісімен байланыстырып отыр. Заманауи көлік құрастыру – өнеркәсіп өндірісінің жоғарытехнологиялық секторы. Қазақстандық зауыттарда қолданылатын кейбір құрал-жабдықтардың ТМД аумағында теңдесі жоқ.

Өскемендегі автокөлік құрастыру зауыты – үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі жобаларының бірі. 16 жыл ішінде компания өндіріс пен инфрақұрылымды жетілдіруге 489 млн доллар инвестиция бағыттаған. Оның 70 миллионы толық циклді жаңа зауытты іске қосуға жұмсалды.

Қостанайлық көлік өндірісі үшін де өткен 12 ай жемісті болды. Бүгінде мұнда құрастырылатын модельдер саны артып, жаңа көлік түрлері игерілген. Осының арқасында өндірістік өсім 203% құрады. Қостанайда жиналған әрбір 10-шы автокөлік Ресейге, Қырғызстанға, Тәжікстанға экспортталады. Жақында Белоруссияға да алғашқы партия жіберілді. Сонымен қатар Әзербайжан елі де әлеуетті серіктес ретінде қарастырылуда.

Ауыр техникаларды шығару саласында да өндіріс көлемі артты. Ол соңғы 7 жылда 2,5 есеге ұлғайған. Бүгінгі таңда Қазақстанда ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтары, жүк машиналары, тіпті автобустар да құрастырылады. Мысалы, жолаушы көліктері Семейде жиналады. Жергілікті зауыт жыл соңына дейін 500 автобусты конвейерден шығармақ.

ӘСЕМХАН ДОСҚОЖАНОВ, КӘСІПОРЫН ЖЕТЕКШІСІ:

 - Отандық автобустармен қамтамасыз ету жөніндегі кешенді бағдарлама қабылданды. Қазір біз отандық автобустар шығаратын зауыттарға үлкен көмек болды.

Ал Көкшетаудағы зауытта жалпы салмағы 29 тонна болатын тіркемелер құрастырыла бастайды. Айта кетейік, өткен жылы ауылшаруашылық техникасын жасау  және жинау бойынша кәсіпорын 9 млн доллардан астам өнім шығарған.

ОЛЕГ БАЛЫБИН, КӘСІПОРЫННЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Өндіріске жаңа модельдерді енгізіп жатырмыз. Ресейлік әріптестірімізбен бірге тұқым сепкіштерді жинай бастадық. Оған көктемде сұраныс болары анық.

Бүгінде Қазақстанда жасалатын темір тұлпарларға сұраныс жоғары. Салаға ірі инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Алдағы 2 жылда қазақстандық автоөндіріске 1 миллиардтан астам доллар инвестиция бағытталмақ.