Қазақстандық экспорт көлемі 26 пайызға ұлғайып, 55 млрд долларға жетті

Қазақстандық экспорт көлемі 26 пайызға ұлғайып, 55 млрд долларға жетті

Қазақстандық экспорт көлемі 26 пайызға ұлғайып, 55 млрд долларға жетіп отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегілер 2018 жылдың 11 айының қорытындысымен бөлісті. Алдағы уақытта агроөнеркәсіп саласына үміт артылып отырғандығы белгілі.

Зығыр  экспорты бойынша Қазақстан әлемде бірінші орынға шығып отыр. Егіс алқаптарының аумағы кеңеюде. Рапс, соя және ноқат экспортының көлемі де артып отыр. Жергілікті мал өсірушілер де өздерінің әлемдік нарықтағы үлестерін ұлғайтып келеді. Өнім экспорты 2 есеге өсті. Биыл шетелге 25  мың тонна ет жөнелту көзделген. Қой етінің экспорты артып келеді. Қазақстандық қой етіне сұраныс танытып отырған Қытай еліне экспорт ұлғайтылады.

САҒЫНЖАН АПАҚАШЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл бізге қосымша нарық ашатын болады. Алдағы уақытта қой санын көбейтуге мүмкіндік береді. Бос жатқан жайылымдық жерлер қолданыла бастайды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемін арттырады.

Ет экспортына бағытталған ірі жобалар елдің шығысында да қолға алынған. Аягөз және Семей қалаларында жылына 30 мың тоннадан артық дайын өнім шығара алатын ет өңдеу комбинаттары пайда болмақ. 2018 жылы аймақ 228 тонна етті шетелге жөнелтті. Оның 132 тоннасы Өзбекстанға, қалғаны Ресейге экспортталған. Биыл дайын өнім көрсеткішін 1,5 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Жергілікті кәсіпкерлер көршілес Өзбекстан мен Ресейден бөлек, аспанасты елінің нарығына шығуды да жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. 

Түркістан облысының экспорттық көрсеткіштері де жоғары. Былтыр мұнда көкөніс, картоп және өзге де дақылдардың рекордтық көрсеткішіне қол жеткізіліп отыр. Бұл елдегі көрсеткіштің 43 пайызына тең. Ауыл шаруашылығы өнімінің 500 мың тоннасы Ресей, Беларусь, Латвия және Германияға жөнелтілді. Аймақтағы өнімді алқаптардың аумағы 3 мың гектарға жетті. Олардан 100 мың тоннаға жуық жеміс-жидек жиналған. Жалпы 2018 жылы аймақта ауыл шаруашылығы дақылдарының аумағы 2017 жылмен салыстырғанда артып, 813 мыңнан астам гектарға жеткен. Алдағы жоспар – бұл көрсеткішті барынша ұлғайту. 

НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Жаңа технологияларды трансферттеу бойынша биылғы жылы тамшылатып суғару әдісі 2018 жылы 7174 гектарға салынып, барлығы 65 мың гектарға орналыстырылды. Жылыжайдың көлемі жаңадан 181 гектарға салынып,  жалпы көлемі 1341 гектарға жеткізілді. Аталған екі технология бойынша да республикада 73-75 пайызын құрап отырмыз.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің жоспарлары ауқымды. Қазіргі уақытта агроөнеркәсіп кешенінің тауарлары экспорт бойынша көшбасшылық орында емес. Сыртқы нарыққа жөнелтілетін тауарлардың дені – пайдалы қазбалар. Қазақстан шет елге металл мен химиялық өнеркәсіп өнімдерін де экспорттайтын елдер қатарында. Отандық өнімді негізінен Италия, Қытай, Нидерланд елі, Ресей мен Украина импорттайды.