Қазақстандағы индустриалды аймақтар әлеуеті

Қазақстандағы индустриалды аймақтар әлеуеті

1250 жаңа кәсіпорын. Қазақстанда индустрияландыру жылдарында дәл осынша зауыт іске қосылған. Мұнай өндірумен қатар елде өңдеу өнеркәсібі де дамуда. Елбасы тапсырмасы бойынша бұл бағытқа 500 млрд теңге қаражат бөлінді. Қаржылай қолдауға ішкі нарықта ғана емес, шет елдерге де өз өнімдерін жөнелтуді көздейтін кәсіпорындар ие болды. Жалпы өңдеу саласының өндіріс көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 3 еседен артық өсім көрсеткен. Көрсеткіш 9,5 трлн теңгеге жетіп отыр. Ал биыл өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 40 пайызға артады деп күтілуде.

Өңдеу саласындағы сәтті жобалардың бірі – Қызылорда өңіріндегі тампонажды цемент шығару зауыты. Кәсіпорын желтоқсан айында қытайлық серіктестермен бірлесе іске қосылды. Мұнда жылына 1 млн тонна цемент өндіру жоспарлануда. Зауыт өнімі құрылыс, мұнай-газ және уран өнеркәсібінде қолданылатын болады. Бір сөзбен, алға қойылған жоспар ауқымды. 

Ал Қарағанды өңірінде 30-дан астам ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Оның ішінде – жаңғыртудан сәтті өткен күн электр стансасы, катодты мыс өндіру зауыты, машина жасау кәсіпорны, алтын шығару фабрикасы да бар. Кәсіпорындардың арқасында ел экономикасына 470 млрд теңге қаражат тарту мүмкін болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, аймақтағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2,5 трлн теңгеден асты. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 250 млрд-қа артық.

АРМАН НҰРМАҒАНБЕТОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ИИД БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Жоспарларға келетін болсақ, 2019 жылы өнеркәсіптің 4,5 пайызға немесе 2,7 триллионға өсуі қамтамасыз етіледі. Болат өндірісі 4 миллион тоннадан астам, мыс өндірісі 50 мың тоннаға өткен жылдан артық қамтамасыз етіледі. Жалпы өнеркәсіпті дамыту және инвестицияларды тарту оң серпінге ие.

Машина жасау саласының нәтижесі де қуантарлық. 7 жыл ішінде өндіріс көлемі 2,5 есеге артты. Әрбір екінші жеңіл немесе жүк көлігін отандық өндірушілер жасаған. Мәселен, 2018 жылы қостанайлық көлік зауыты 12 мыңнан астам көлік шығарған. Жалпы сомасы – 80 млрд теңге. Қостанайда жиналған темір тұлпарлардың 90 пайызын қазақстандықтар сатып алыпты. Отандық көліктерді жергілікті тұрғындар кәделеріне жаратуда. Ал шетелге шамамен 1 миллиард теңгенің көлігі экспортталды. Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне жөнелтілген. Беларусь еліне де алғашқы партиясы экспортталды. Әзербайжан нарығы да қарастырылып отыр. 2019 жылы зауытта 20 мыңнан астам көлік жинау жоспарлануда. Оның 1,5 мыңы  шет елдерге жөнелтілетін болады. 

СЕРГЕЙ МОГИЛАТОВ, АВТОЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Өндіріс көлемінің ұлғаюына модельдер желісінің кеңеюі және жаңа көлік түрлерін барынша игеру ықпал етеді. Негізгі нарық Ресей болып қала бермек. Шекараға дейін 170 шақырым бар. Челябі, Екатерингбург сынды қалалар бар.

Соңғы жылдары Қазақстан 500-ден астам жаңа өнім шығара бастады. Олар бұған дейін елде мүлдем өндірілмеген. Тауарлардың 50 түрі әлемнің 110 еліне экспортталады. Олардың қатарында Қытай, Ресей, Орталық Азия мен Еуропа одағы елдері де бар. Бұл – индустриаландыру аясындағы мемлекеттік бағдарламаның қорытындысы.