Астанада Дүниежүзілік мұнай кеңесінің отырысы өтті

Астанада Дүниежүзілік мұнай кеңесінің отырысы өтті

Қазақстан 2020 жылы мұнай-газ саласындағы өзінің инвестициялық мүмкіндіктерін Америка Құрама Штаттарының Хьюстендегі мамандандырылған конгресінде таныстырады. Маңызды оқиғаға дайындық барысы Астанадағы Дүниежүзілік мұнай кеңесінің отырысында талқыланды. Айта кетейік, Қазақстанның  бас шаһарында екінші рет ұйымдастырылған ауқымды шараға 30 елдің ірі мұнай холдингтерінің өкілдері қатысуда. Бұған дейін 2012 жылы ұйымдастырылған форумда еліміз беделді халықаралық компаниялардың делегациясын қабылдаған болатын.

ТАЛҒАТ ҚАРАШЕВ, "KAZENERGY" БІРЛЕСТІГІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӨНІНДЕГІ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ

 - Конференция шеңберінде Қазақстанның инвестициялық климаты жайлы көп мағлұмат бергіміз келеді. Себебі өткен жылы жер қойнауын пайдалану жайлы Салық Кодексі қабылданған болатын. Осы жағдайды пайдалана отырып, инвестицияны тарту мақсатында еліміздің жаңа әлеуеті жайлы айтып өткім келеді.

Геологиялық барлау жұмыстарына да қомақты инвестиция қажет. Елімізде өндірілетін қара алтынның шамамен 80 пайызы – Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған мұнай-газ кен орындарынан алынады. Kazenergy Бірлестігі өкілдерінің айтуынша, жер қойнауындағы қор бірнеше ондаған жылдарға жетеді. Алайда жаңа кен орындарын ашу қажет. Кейбір заңнамалық актілерге өзгетулер мен толықтырулар енгізілсе, ірі халықаралық компаниялардан инвестициялық ұсыныстар саны едәуір артуы мүмкін, дейді сарапшылар.

РҮСТЕМ ҚАБЖАНОВ, "KAZENERGY" БІРЛЕСТІГІНІҢ МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Тың шешімдер керек. Осыған орай енгізілген жаңашылдықтардың бірі, мәселен, жер қойнауын пайдалану туралы құқықты бәссаудаға қойсақ, шетелдік компаниялар шешуші қадамға бара алады. Өзара бәсекелестіктің арқасында жеңімпаз кәсіпорын өндірістік жоспарын ойдағыдай жүргізуге мүмкіндік алады.

2025 жылға қарай еліміз әр жылы 100 млн тоннадан астам мұнай өндіруді көздеп отыр. Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамы бойынша, 2023 жылы мұнайдың әлемдік сұранысы 7 млн баррельге көтеріледі. Сонымен қатар оның төрттен бір бөлігі химия өнеркәсібінде қолданылады. Аталған саланың кемел келешегі бар дейді, отандық сарапшылар.