ЕҚДБ Қазақстандағы шағын және орта бизнестің жобаларын қолдайды

ЕҚДБ Қазақстандағы шағын және орта бизнестің жобаларын қолдайды

Халықаралық қаржы ұйымдары Қазақстандағы шағын және орта бизнестің жобаларын қаржыландыру ауқымын кеңейтті. Сондай демеуге ие болған Ақмола облысы Қосшы ауылындағы жиһаз өндірісі заманауи технологияларды қолдана отырып, ең талғампаз тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Тың тәсілдердің арқасында мұнда өндірістің өзіндік құны арзандатылып, жұмыс тиімділігі арттырылған.

НҰРЗАТ БЕКЕНОВ, ЦЕХ БАСШЫСЫ:

 - Цехымыз толықтай автоматтандырылған. Бір жерден басқарылады. Барлық станоктарға смс түрінде хабарлама келеді. Операторлар сол тапсырманы ашып, жұмыс жасау оңайырақ болды. Бұрын бір минутта бір тақтайша кессек, қазір бір минут арасында жаңа станоктармен 5 тақтайшаны бірден кесуге болады.

Жұмыс барысы мынадай: тапсырыс алынып, компьютерде есептелінеді. Өлшемі, көлемі анықталған соң, әзірлене бастайды. Алдымен тақтайша кесіліп, жан-жағы жабыстырылады.

ЖЕҢІС ӘЛМҰХАМЕДОВ, ЦЕХ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

-  Мына тақтайшаның лентасы жабыстырылғаннан кейін ақырғы станогымызға қойылады. Бұл жұмыстың нүктесін қоятын станок – сверлильно-присадочный станок. Тағы бір ерекшеліктерінің бірі сопақша тақтайшалар жасауға болады. МДФ фасадтардың бетінде ою-өрнектер салуға болады.

Бұл жобаға Еуропаның даму және қайта құру банкі қолдау көрсетіп отыр. Қаржы ұйымының сарапшылары Қазақстанда шағын кәсіпкерліктің даму қарқынын оң бағалайды.

БРУНО БАЛЬВАНЕРА, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША ЕҚДБ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ :

 - Біз екінші деңгейлі банктер арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетеміз. Жалпы түрлі салалардағы жобаларды қарастырамыз. Әсіресе, жеңіл өнеркәсіпке көңіл бөлудеміз. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен құрылыс бағыттарына қолдау көрсетуге ерекше ден қойып отырмыз.

Қаржы ұйымы былтыр елімізге 541 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция бағыттаған. Барлығы 26 жобаға қаржы беріліпті.