Отандық автоөнеркәсіп экспорт нарығын кеңейтеді

Отандық автоөнеркәсіп экспорт нарығын кеңейтеді

Отандық автоөнеркәсіп экспорт нарығын кеңейтеді. Алдағы уақытта көліктерді көршілес Өзбекстанға жөнелте бастау жоспарлануда. Қазіргі таңда көлік өндірушілер өз өнімдерін Қытай, Ресей, Беларусь және Тәжікстан елдеріне жеткізеді. Сарапшылардың айтуынша, экспортты дамыту үшін арнайы сақтандыру мен мемлекеттік субсидияны қолдану қажет. Бұл отандық компаниялардың бәсекеге қабілетті болуларына жағдай жасайтын болады. 

ЕРБОЛ СЕЙПІЛОВ, ҚАЗАҚСТАН АВТОБИЗНЕС ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ  ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫ:

 - 2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басында негізгі динамикалық көрсеткіштерге қол жеткіздік деп айтуға болады.  Өйткені бұл кезеңде 2 мыңнан астам көлік экспортталды. Қазіргі таңда көлік өндірушілер жаңа нарықтарды қарастыра бастады. Экспортты арттыруға елдер арасындағы халықаралық байланыс әсер етеді. Сондай-ақ компанияның сыртқы маркетингтік стратегиясының да рөлі зор. Қазіргі таңда отандық өндірушілер шығарған темір тұлпарларын ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сата алады. Осының арқасында өндірілетін көліктер саны арта түседі.

2018 жылы елімізде 32,3 мың көлік шығарылды. Отандық өндірушілер жеңіл, жүк көліктер мен автобустар, арнайы техника, трейлер мен жартылай тіркемелер жасалды. Олардың жалпы сомасы  205,95 млрд  теңгеге жетіп отыр.