Қазақстанда Дүниежүзілік сауда орталығы ашылады

Қазақстанда Дүниежүзілік сауда орталығы ашылады

Астана барша Еуразия құрлығының орталығына айнала алады. Халықаралық сарапшылар осындай пікірде. Олар сауда-экономикалық байланысты кеңейтуде шаһардың стратегиялық маңызы зор деп отыр. Алдағы уақытта елордада Дүниежүзілік сауда орталығы бой көтермек. Ол 2 гектар жерді алатын болады. Биіктігі – 150 метр. Ал жобаның жалпы құны – 200 млн доллар. Кешен толықтай шетелдік инвестициялардың есебінен қаржыландырылмақ. Нью-Йорк, Амстердам, Токио, Сеул мен Дубай сынды қалаларда World Trade Center ғимаратының әлемдік желілері бар. Енді бұл қалалардың қатарына Астана да қосылатын болады. 

КЕННЭТ БРЮС ДЖЕЙМС АНДЕРСОН, СӘУЛЕТШІ-ДИЗАЙНЕР:

- Құрылысы жоспарланып отырған жаңа нысан қаланың көрікті ғимараттарының біріне айналады деп ойлаймын. Оның туристер мен жергілікті тұрғындар үшін ерекше қызықты болатыны сөзсіз. Біз Қазақстан үкіметінің бұл нысан құрылысын қолға алу бастамасын жоғары бағалап отырмыз. Жоба бойынша жан-жақты әріптестік орнатуға әзірміз. Барынша қолдау көрсететін боламыз.  

Бұл орталықты салу жөніндегі келісімге елбасының Бельгияға іссапары барысында қол жеткізілген болатын. Жыл сайын бас шаһардың сәні арта түсуде. Алдағы уақытта Астанада тағы бірқатар сәулет нысандары бой көтереді деп жоспарланып отыр. Сақ жауынгерінің бас киімі үлгісіндегі Еуразиялық орталық ғимараты солардың қатарында. Оның құрылысы биылғы жылдың соңында басталады.