Қазақ-түрік кәсіпкерлер палатасы ашылады

Қазақ-түрік кәсіпкерлер палатасы ашылады

Еліміздің іскер топтары Түркиямен агроөнеркәсіп, азық-түлік, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі салалары бойынша тәжірибе алмасуға дайын. Осы мақсатта қос тарап Астана мен Стамбұл қалаларында біріккен кәсіпкерлер палатасын ашуға ниет білдіріп отыр.

НҰРАЛЫ БӨКЕЙХАНОВ, «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Астанада Түркияның сарапшысы отырады және түрік компанияларына көмек көрсетеді. Қазақстаннан келетін сарапшы Ыстамбұлда болады. Ол еліміздің кәсіпкерлеріне инвестиция тарту, сауда және технология іздестіру жағынан көмек көрсетеді.

Анкарада іскерлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі топтың алғашқы басқосуында  тараптар өндірістік аймақтар мен кәсіпорындарды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

АБЗАЛ САПАРБЕКҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҮРКИЯДАҒЫ ӨКІЛЕТТІ ЖӘНЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЕЛШІСІ:

 - Қазақстандық компаниялар өздерінің инвестициялық мүмкіндіктерін, сауда мүмкіндіктерін арттыру үшін Түркиядан өздерінің әріптестерін іздестіруде. Өз кезегінде, түрік кәсіпкерлер өздерінің экспорттық мүмкіндіктерін арттыру үшін «Қазақстанға қандай тауарларды экспорт жасай аламыз» деген мақсаты бар. Екінші мақсаты – осындай сауда әріптестігі арқасында Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды пысықтау. Алдымен сауда әріптестігі, одан кейін инвестициялық әріптeстік. Сондықтан екі елдің кәсіпкерлері өздерінің ойлаған мақсат-мұраттарына жетеді деп ойлаймын.

Түрік елінде бірқатар қазақстандық компания қызмет көрсетеді. Ал біздің елімізде  түріктің 2 мыңға жуық компаниясы жұмыс істейді.  Енді бауырлас мемлекет еліміздің өндірістік аймағын дамытуға өз үлесін қоспақшы.

ОРХАН АЙДЫН, «OSTİM» ӨНЕРКӘСІПТІК АЙМАҒЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Біз үшін Қазақстан – ең маңызды елдердің бірі. Қазіргі байланысты, екіжақты ынтымақтастықты арттырғымыз келеді. Өнеркәсіптік аймағымыз – еліміздің ең маңызды орталықтарының бірі. Қорғаныс саласынан бастап медицинаға, жол құрылысынан бастап текстильге дейінгі өнімдерді шығаратын әлемнің әр қиырында әріптес кәсіпкерлеріміз бар. Бұл мүмкіндікті туыстас елмен бөлісуге дайынбыз.

Кездесу соңында тараптар бұл жиынмен шектелмей, алдағы уақытта жиі кездесуге уағдаласты. Сан салада берік байланыс орнатқан бауырлас елдер осылайша әріптестіктің көкжиегін кеңейтуді мықтап қолға алмақшы.  Айта кетейік, Қазақстан мен Түркия мемлекеттері арасындағы сауда айналымы 2018 жылы 1 млрд 900 млн долларды құрады.