Биыл Құрық порты арқылы 2,5 миллион тонна жүк тасымалданады

Биыл Құрық порты арқылы 2,5 миллион тонна жүк тасымалданады

Биыл, Құрық теңіз порты арқылы 2,5 миллион тонна, жүк тасымалдау жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 миллион тоннаға көп. Екі жыл бұрын іске қосылған Қазақстанның екінші теңіз порты еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға зор үлес қосуда. Бүгінде айлақтан тек Қазақстанның ғана емес, Қытай мен Орталық Азия елдерінің тауарлары Еуропаға тасымалданып жатыр.

ТАЛҒАТ ОСПАНОВ, ҚҰРЫҚ ТЕҢІЗ ПОРТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - 2018 жыл бізге Құрық портына өте жақсы жыл болды деуге болады. Елбасының қатысуымен Құрық портында автомобиль құрамы ашылды. 2018 жылы тасымал көлемі 2017 жылға қарағанда 10 пайызға көп болды, яғни 1 млн 610 мың тонна. Біз осы портта 453 кемені 1 жылда өңдедік.

Құрық портындағы автомобиль айлағы жылына 20 мың көлікті қабылдауға қауқарлы. Сондай-ақ екі бірдей теміржол айлағы жұмыс істеп тұр. Әрқайсысы тәулігіне 50 вагон жүк сыйып кететін 4 бірдей алып кемені қабылдап-жөнелте алады. Вагондар көпірден өтіп, лифт арқылы кемеге тиеледі. Былтыр осы паромдық кешені арқылы 210 кемеге жүк артылған.

АЗАТ БАЛЫҚБАЕВ, ЭКСПЕДИТОРЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

 - Мен экспедиторлық бөлімінің маманы боламын. Осында жолаушылар мен жүргізушілердің құжаттарын рәсімдейміз. Бүкіл жұмыс автоматты түрде жүргізіледі. Осындай таза әрі әдемі ғимаратта отырамыз.

Құрық порты – Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ең маңызды бөлігі. Әзірге тек Әзербайжан порттарымен әріптестік орнатқан порт басшылары алдағы уақытта өзге порттармен де байланысты арттыруды көздеп отыр. Жыл соңына қарай Иран мен Түрікменстан елдеріне жүк тасымалдана бастайды. Осылайша, жылдық қуаты 6 миллион тоннаны құрайтын Құрық порты келер жылдары толық күшінде жұмысын бастамақ.