2018 жылы ел аумағынан рекордтық көлемдегі 19 млн тонна транзиттік жүк өтті

2018 жылы ел аумағынан рекордтық көлемдегі 19 млн тонна транзиттік жүк  өтті

2018 жылы ел аумағынан 19 млн тонна транзиттік жүк өтті. Рекордтық көлемдегі көрсеткіш еліміздің осы бағыттағы әлеуетін аңғартады, - дейді сарапшылар. Қытай мен Еуропалық Одақ сынды екі ірі нарық арасындағы Қазақстан жүк транзиті арқылы пайда таба алады. Мамандардың айтуынша, бұл үшін қажетті инфрақұрылым құру қажет. Тек сол кезде ғана Қытай-Еуропа логистикалық байланыстырушы рөлін атқаруға болады. Қазіргі таңда тауарлардың дені аспанасты елінен Оңтүстік жолмен жөнелтіледі. Яғни Үнді, Тынық және Атлант мұхиттары арқылы 40-45 күнде жетеді. Ал құрлықпен Қазақстан арқылы өтетін жол уақытты 3 есеге қысқартпақ. Бағыттың артықшылығы бұл ғана емес, - дейді мамандар. 

ЗЕЙНОЛЛА АХМЕТЖАНОВ, ҚР ИИДМ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қазақстан бұл жүктердің теңіз арқылы емес, құрлық арқылы жөнелтілуіне ерекше көңіл бөлуде. Ол солтүстік жолмен Қазақстан, Қытай, Ресей, Беларусь және Еуропа аумағы арқылы өтеді. Екінші жол Каспий теңізімен Әзербайжан, Грузия, Қара теңіз арқылы Еуропаға өтеді. Әуе көлігіне қарағанда,  Қазақстан арқылы теміржолмен жүкті  2-3 есеге тезірек және 10 есеге арзанырақ жеткізуге болады.  Бұл, әрине – басты артықшылығы.

Логистикалық және көліктік инфрақұрылымды дамыту қарқынды жүруде. Қазақстандық порттардың жалпы қуаттылығы жылына 26 млн тоннаға жетті. Автокөлік жолдары да белсенді салына бастады. Оларды салып, қалпына келтіруге мемлекет 1 трлн теңге бөлген. Биыл 24 жоба бойынша жұмыс жалғасын табатын болады.

ЕРЖАН ТЕЛЕУХАН, ҚР ИИДМ АВТОКӨЛІК ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Жыл қорытындысы бойынша, 600 шақырым жолда қозғалысты ашу жоспарлануда. 1,7 мың шақырым жол жөнделді. Бізде негізгі 6 халықаралық-транзиттік дәліз бар. Оның үшеуі толықтай іске қосылды. Қалған үшеуінде жұмыс жалғасуда. 2020 жылы барлық халықаралық-транзиттік дәліздерде қозғалыс қамтамасыз етіледі деп жоспарлап отырмыз.