«Жасыл апта» көрмесінде қазақстандық бұрыш ашылды

«Жасыл апта» көрмесінде қазақстандық бұрыш ашылды

Қазақстан Германиядағы «Жасыл апта» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысты. Оған 10 отандық компания тауарларын қойған. Жалпы, ірі шараға әлемнің 65 мемлекетінің өндірушілері өз өнімдерін ұсынды. Ұйымдастырушылар «шара жаңа әріптестерді тауып, елдің танымалдылығын арттыруға үлкен мүмкіндік», - дейді.

БОЛАТ НҮСІПОВ, ҚР-НЫҢ ГЕРМАНИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Мұндай шараларға қатысу маңызды. Өйткені бұл алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға мол мүмкіндік береді. Біріншіден, ауыл шаруашылық кешеніне неміс инвестициясын тартуға жол ашса, екіншіден, отандық өнімдер экспортын арттыруға септігін тигізеді.

МИХАЭЛЬ ШТЮБГЕН, ГЕРМАНИЯ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ ПАРЛАМЕНТТІК СТАТ-ХАТШЫСЫ:

 - Биыл көрмеге Қазақстанның қатысып отырғанына өте қуаныштымын. Бұл алдағы уақытта да жалғасын таба береді деп сенемін. Біздің тұрғындардың көбі сіздердің тауарларыңызды жақсы көреді. Өзім бүгін қызығып қымыздың дәмін татып көрдім. Өте ұнады. Жалпы Қазақстанның ауыл шаруашылық әлеуеті зор. Біз осы саладағы ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастыра беретін боламыз.

«Жасыл аптаға» қазақстандық тауар өндірушілер тыңғылықты дайындалып келген. Көрмеге жент, құрт, халуадан бастап атақты қазақстандық шоколадқа дейін қойылған. Шұбат пен балық та бар. Бірақ қонақтарды ерекше таң қалдырғаны бие сүтінен жасалған шоколад болды. Қантсыз өнімді көпшілік бірегей тауар деп отыр. 

САЛТАНАТ ТӨЛЕКОВА, КӨРМЕГЕ ҚАТЫСУШЫ:

 - Адамдар шоколадты көріп, дәмін татып, керемет деп жатыр. Бұл шынымен де ерекше өнім. Мұндай шоколад әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Ол тек бізде ғана бар.

АЯН ЕРЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Отандық тауарларға сұраныс жоғары екенін көріп отырмыз. Еуроодақ тұтынушыларына органикалық негізін сақтаған өнімді ұсынудамыз. Біздің есебімізше, мұнда қазақстандық өнімді алғысы келетін 20 мыңға жуық тұтынушы, түрлі компания бар. Олардың көбісінің Еуроодақпен жұмыс істеу тәжірибесі мол.

«Жасыл апта» - әлемдегі ең ежелгі көрменің бірі. Ол 1926 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биыл көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен 100 мың өнім әкелінді. Қазақстан беделді шараға биыл алғаш рет қатысып отыр.