Отандық экспортты дамыту

Отандық экспортты дамыту

Отандық өнімді сыртқы нарыққа шығару – басым бағыттардың бірі. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, өңделген өнімді жеткізу жөнінде 73 экспорттық келісім жасалды, - дейді Сыртқы сауда палатасындағылар. Олардың жалпы сомасы – 457 миллион доллар. Келісімшарттар құны бойынша бұл көрсеткіш 2017 жылдағыдан 2,5 есеге асып түсті. Ал келісімшарттардың саны 1,5 есеге артып отыр. Бұл шетелдік сауда миссиялары мен халықаралық профильдік көрмеге қатысудың арқасында мүмкін болған. 

НҰРАЛЫ БӨКЕЙХАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  2018 жылдың қорытындысы бойынша, шикізаттық емес қазақстандық өнім экспорты 12 млрд теңгеге жетті. Біріншіден, тау-кен өнеркәсібі, металл өнімі, рельстер, шпал, металл құрастырылымдары сынды өнімдерді атап өтуге болады. Сондай-ақ  ұн, ет, кондитерлік өнім сынды азық-түлік өнеркәсібінің де әлеуеті зор.  Біздің өнім негізінен Орталық Азия елдеріне жөнелтіледі. Қырғызстан, Өзбекстан сынды Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен серіктестік орнаттық.  

Қазіргі таңда Қазақстанда 1800-ге жуық экспорттаушы бар. Олардың 450-і –шикізаттық емес тауар өндірушілер. Биыл оларды сыртқы нарыққа шығару бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Сауда миссиялары да жалғаспақ. Олардың аясында Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Ауғанстан және Түркия елдеріне бару жоспарлануда. Мұнымен қоса, экспорттаушыларға арналған бірыңғай электронды портал құру жұмысы жалғасатын болады. 

НҰРАЛЫ БӨКЕЙХАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Порталға түрлі елдердің 10 мыңнан астам шетелдік стандарты енгізілетін болады. Яғни біздің кәсіпорындар потенциалды нарықтар жайлы қажетті ақпаратты бір жерде жинай алады. Бұл порталда нарық көлемі, логистикалық бағыттар, қаптамаға қойылатын талаптар, сертификаттау және сақтау бойынша ақпарат алу мүмкін. Бір сөзбен, экспорттаушыларға арналған бірыңғай ақпараттық база қалыптастырамыз. Бұл өз нәтижесін береді деген сенімдеміз.

Сондай-ақ биыл халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Ресей, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран және Орталық Азия елдерінде 10 шетелдік сауда өкілдігін ашу жоспарлануда. Олар жергілікті кәсіпорындарға өз өнімдерін өткізуге, шетелдік компаниялармен серіктестік орнатуға қолдау көрсетпек. Сондай-ақ қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді.