Германия Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетеді

Германия Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетеді

Германия Қазақстанды экспорттық әлеуеті мол маңызды әріптес ретінде қарастырады. Неміс іскерлері мен инвесторлары бұл пікірлерін Берлинде өткен кездесуде мәлім етті. Алқалы жиында салалық министрліктің өкілдері еліміздің ауыл шаруашылығының дамуы, мемлекеттік қолдау мен инвестициялық мүмкіндіктер туралы айтып берді.     

ПЭР БРОДЕРЗЕН, НЕМІС АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ОДАҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Кездесуде Қазақстанның ауыл шаруашылық саласындағы мүмкіндіктерімен танысып, оны дамытуға қалай қатыса алатынымызды қарастырдық. Екі мемлекет арасында тығыз ынтымақтастық орнаған. Қазақстан Германия үшін экспорттық әлеуеті жоғары маңызды нарық.

Жиында Қазақстан аймақтарында жоспарланған жобалар да таныстырылды. Мысалы, Солтүстік өңірдің басшылығы неміс кәсіпкерлерін бидайды терең өңдеу зауытының құрылысына қатысуға шақырды.  

АЙДАРБЕК САПАРОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Кездесу жоғары деңгейде өтті. Отырыстан кейін жергілікті компания басшылары келіп, біздің облыста қандай жобаларды жүзеге асырғысы келетіндігімен бөлісті. Мысалы, бірі құс фабрикасын салғысы келеді. Енді бір инвестор ағаш өңдеу ісін бастауды қалайды. Біз неміс әріптестерімізге барлық жағдайды жасауға дайынбыз.

Германия компанияларының өкілдері Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отырғанын және өз технологиясы және тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.