Транскаспий бағытымен жүк тасымалы артты

Транскаспий бағытымен жүк тасымалы артты

Транскаспий бағытымен жүк тасымалының көлемі жыл сайын ұлғаюда. Қытайдан Еуропаға және кері бағыттағы транзит жолында Қазақстан маңызды буын болып табылады. Халық Республикасының солтүстік-шығысында орналасқан Ланьюньган айлағындағы қазақстандық терминалдың геостратегиялық мәні зор. Әлемдегі ең ірі теңіз порттарының бірінде жұмыс істейтін бірлескен терминалда соңғы үш жылда 8 миллион тонна жүк қабылданып, жөнелтілген. 

ЛЮ БИН, ҚАЗАҚСТАН-ҚЫТАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЛОГИСТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

– Мақсатымыз – қазақстандық логистика арқылы экономиканы ілгерілету. Бүгінде Қытай-Еуропа бағытында тауарлар жөнелтіледі. Қазақстанның бидайы Ланьюньган арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға жеткізіліп жатыр. Алдағы уақытта Қазақстаннан тасымалданатын өнімдердің түрлері мен көлемін ұлғайтуды қарастырып отырмыз. Бидай ғана емес, сиыр еті, құс еті тасылмалданады.

Ляньюньгандағы қазақстандық жүк терминалы отандық өндірушілерге логистикалық шығындарды арзандатуға мүмкіндік береді. Мұны астық тасымалдаушылар пайдаланып, жаңа нарықтарға шыға алды.

ДАРXАН ЕСЕНҒҰЛОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАСЫМАЛ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

– Осында жеткізілген астықты басқа контейнерлерге артамыз. Вьетнамға астық тасимыз. Келешекте жеткізу нарықтарын Индонезия, Малайзия, Корея және Жапония елдерімен кеңейтпек ойымыз бар. Өзіміз жеткізген контейнерлерді босатып, оған басқа жүк артып, Қазақстанға жөнелтеміз. Осылайша, тұйық тасымалды жолға қойып алдық.

Қазақстан халықаралық терминалдар желісін одан ары кеңейте бермек. Бұл – стратегиялық маңызды міндет, дейді мамандар. Республика аумағында инфрақұрылым құрған жеткіліксіз. Оны транзиттік тасымалдардың жаһандық жүйесіне кіріктірген маңызды.