Қытай жүгі Еуропаға Қазақстан арқылы 2 аптада жетеді

Қытай жүгі Еуропаға Қазақстан арқылы 2 аптада жетеді

Қазақстанның Құрық теңіз порты арқылы тасымалданатын транзиттік жүктің көлемі артып келеді. Тек өткен жылы аталмыш айлақтан 1 млн 335 мың тонна жүк жөнелтілген. Бүгінгі таңда бұл мультимодальдік кешен Каспий маңы елдерін біріктіретін торапқа айналды. Онда қос-қостан темір жол мен көлік айлақтары бар.

РУСЛАН ТАЙМАНОВ, ҚҰРЫҚ ПОРТЫНДАҒЫ ПАРОМ КЕШЕНІ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Клиент тек бір рет қана төлейді. Бұл мультимодальдік тасымалдау жүйесі болғандықтан, тиімді. Сіз көлік түрін таңдап, тауарыңызды жөнелтесіз.

Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуеті жоғары бағыттарының бірі – Әзербайжан. Ол жерден жүктелген өндіріс тауарлары Түркияға, содан кейін Батыс Еуропа, Ұлыбритания және АҚШ-қа жеткізіледі.

РАХМЕТОЛЛА ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, «ТРАНСКАСПИЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨЛІК БАҒДАРЫ» ХҚ БАС ХАТШЫСЫ:

 - Бүгінде тауарлар Қытайдан Италияға, Қазақстаннан Мерсинге тасымалданып жатыр. Біздің елімізден тасымалданатын негізгі өнімдеріміз  бидай,  жасымық, бұршақ сынды дәнді дақылдардың түрлі сұрыптарын құрайды.

Мына тауарлар жүк пойызымен Қытайдан Қорғасқа, ол жерден көлікпен Құрық портына жеткізіледі. Кейін, паром Каспий теңізімен Әзербайжанға бағыт алып, теміржол арқылы Түркия, Грузияға жөнелтіледі.

ДЖАВИД ГУРБАНОВ, ӘЗЕРБАЙЖАН ТЕМІР ЖОЛДАРЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Біз сияқты мұхитқа шыға алмайтын мемлекеттер порттары мен сауда нүктелерін біріктіруге мүдделі. Осылайша, әлемдік нарықты бағындырамыз.

Биылдан Құрық портынан жүктер Иран мен Түрікменстан елдеріне де жеткізілетін болады. Жалпы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің тауарлары Қорғас пен Құрық, Әзербайжан мен Түркия елдерін кесіп, Еуропаға жол тауы экспортталуда. Ең бастысы, тауарды тасымалдауға кететін уақыт 2 айдан 15 күнге қысқарды.