Қазақстандық автокөлік өндірісі 2 есеге артты

Қазақстандық автокөлік өндірісі 2 есеге артты

Қазақстандық автокөлік өндірісінің көлемі 2018 жылы екі есеге артты. Отандық зауыттардың конвейерлерінен 32 мыңнан аса техника шыққан. Бүгінгі күні машиналардың барлығы 30 пайызға жергілікті қосалқы бөлшектерден құрастырылатынын атап өту қажет. Келесі жылы бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

АНДРЕЙ ЛАВРЕНТЬЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АВТОБИЗНЕС ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Жергілікті құрам артқан сайын, теңгеге шаққандағы көлік құны барынша тұрақты болады. 50 пайызға жетсе, автомобиль бағасы 10-12 пайызға арзандайды.

Қазақстандық автокөліктерге деген сұраныс та артқан. Елімізде жүйткіп жүрген 5 көліктің төртеуі өзімізде шығарылған. Жалпы, соңғы 3 жылдың ішінде Қазақстанда құрастырылған автомобильдердің жалпы көлемі 17-ден 49 пайызға дейін артқан. Отандық өнімдерге деген сұраныстың ұлғаюы – өнімнің жоғары сапасы мен қолжетімділігінің айғағы. Соңғы жағдайға жеңілдікті несиелеу де өз септігін тигізген.

ҚАДЫРОЛЛА ЖҰМАҒҰЛОВ, АВТОКӨЛІК ҚҰРАСТЫРУ ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Екінші деңгейлі банктер жалпы сомасы 8 млрд теңгеден асатын 1700 кредит беріп үлгерген. Бөлінген қаржының өзі 8 миллиард бола тұра, одан асып түсті. Бұл бағдарламаның тиімділігін дәлелдейді. Яғни, азаматтардың несиені қайтару көрсеткішінің жоғары екенін көрсетеді. Және ол қаржы бағдарламаны қаржыландыруға қайта оралып жатыр.

Қазақстандық автокөлік өндірісі саласы шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр. Құйылған қаржы көлемі де осыны көрсетеді. Алдағы 2 жылда отандық автомобиль өндірісіне 1 миллиард доллардан аса қаржы тартылмақ.