Жібек жолының «Супер желі» жобасы

Жібек жолының «Супер желі» жобасы

«Жібек жолы елдерінің супер желісі» жобасы Орталық Азия мемлекеттерін «жасыл» электрэнергияны тасымалдаушы негізгі экспортерға айналдырады. Мемлекетаралық энергетикалық бағдарламаның қатысушылары артылған баламалы қуат көздерін Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея мен Еуропа елдеріне жеткізе алады. Бұл бастама «Бір белдеу, бір жол» жобасына атсалысушы мемлекеттерді толықтай қамтиды деп жоспарланып отыр. Осылайша өсіп келетін энергия тұтынушыларының сұранысын барынша қамтамасыз етіп, қуат тапшылығын татып отырған жекелеген аймақтардағы мәселелерді шешу көзделуде. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан бұл бастамада маңызды рөл атқаруы әбден мүмкін. Өйткені жасыл саясат ұстанған республика Жібек жолының қақ ортасында орналасқан. Қуат көздерін өндіруде де әлеуеті кең.

ЕЛДОС АБАКАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҰЙЫМДАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Жобаның басты көздеген мақсаты – Корея, Қытай, Еуропа елдерінен бастап жасыл энергетика бағытында әріптестікті нығайта түсу. Бастама жоғары кернеулі желі құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр. Қазақстан өзінің географиялық орналасу ерекшелігіне сай баламалы қуат көздерін өндіретін торапқа айналуы мүмкін. Ел ішінде тұтынудан артылған жасыл энергияны өзге де нарықтарға тасымалдауға аса ыңғайлы жерде тұрмыз.

Сарапшылардың пайымынша, жоба сырттан қомақты инвестиция тартып, заманауи технологияларды ендіруге мүмкіндік береді. Сала жаңалықтары мен тың жобаларын талқылайтын халықаралық алаң құрылады. Бұған қоса күш біріктіру Париж климаттық келісімінің жүзеге асуына сеп болады. Еске салайық, қазір Силк Роуд Супер Грид жобасы Монғолияда дамытылып жатыр. Оған Ресей, Қытай, Жапония мен Оңтүстік Корея елдерінің мамандары жұмылдырылған. Қазіргі таңда осы аймақта қуатты 7 мың километрге дейін тасымалдайтын жоғары кернеулі желілер тартылуда.

САЛТАНАТ РАХИМБЕКОВА, «ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКАНЫ ҚОЛДАУ КОАЛИЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

-  Осы жоба аясында Азиялық аймақтың елдерінде супер желінің жүйесі бар деп айтылған. Мәселен, Гоби шөлді өңірінде құы 5 центтен аспайтын электр энергиясы өндірілелді. Қазір ол жерден Аспан асты елі қуат сатып алады. Энергия желілер арқылы жеткізілетіндіктен өзіндік құны артып, бағасы екі есеге 10 центке дейін өседі. Бір елден екінші елге энергия жеткізу тәжірибесі қалыптасқан, оның тәжірибесін зерттеп, өзімізге ендіре аламыз.

Супер желі жобасын іске қосудың нәтижесінде импортер елдерде қоршаған ортаға көмірқышқыл газымен ластайтын кәсіпорындар азайып, экспартерлер  баламалы қуат көздерін дамытады деп күтілуде.