Қазақстанда ашылған кәсіпорындарға 1 триллион теңге жұмсалған

Қазақстанда ашылған кәсіпорындарға 1 триллион теңге жұмсалған

Өткен жылы Қазақстанда 100-ден астам кәсіпорын ашылды. Бұл – еліміздегі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының жемісі. Оның аясында бірқатар химиялық, машина құрастыру, азық-түлік пен құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс ошақтары қолданысқа берілді. Әр аймақта зауыттар мен фабрикалар бой түзеді. Жүзеге асқан жобалардың жалпы құны 1 триллион теңгеден асып жығылады.

СЕРІК АСЫЛБЕК, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРОҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІНІҢ САРАПШЫСЫ:

 - Жалпы индустрияландыру қартасының соңғы 1 жылдың ішінде жүзеге асқан жобаларын саралайтын болсақ,  Қазақстан нарығында 500-ден астам жаңа өнім түрлері пайда болды. Сондай-ақ 50-ден астам жаңа төл тауарымызды экспортқа шығару жоспарланып отырғанын ерекше атап өткім келеді.

Мына кәсіпорынның қуаты жылына 2 миллион тонна кен өндіруге қауқарлы. Оның іске қосылуы қазақстандық алтын өндірісін жылына 85 тоннаға дейін жеткізуге сеп болмақ.

ЮРИЙ ОВЧИННИКОВ, ТАУ-КЕН ӨНДІРІСІ КӘСІПОРЫНЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Жаңадан тау-кен байыту кешені салынды. Кәсіпорын соны үлгідегі қондырғылармен жарақтандырылған. Жылына шамамен 10 тонна алтын концентраты өндіріледі.

Сондай-ақ былтыр темір жол құрылысына қажетті материалдар шығаратын зауыт өндіріс жолына қойылды. Өнімнің үштен екі бөлігін экспорттау көзделіп отыр. Кәсіпорын бұған қоса вагон жөндеу зауыттарын қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етеді. Индустрияландыру картасының арқасында машина жинау саласы отандық экономиканың қарқынды дамып келетін секторына айналып отыр. Соңғы 7 жылдың ішінде саланың өндіріс көлемі 2,5 есеге артқандығы байқалады. Елімізде сатылған әр екінші көлік жергілікті кәсіпорындардың үлесіне тиесілі.   

СЕРІК АСЫЛБЕК, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРОҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІНІҢ САРАПШЫСЫ:

-  Бірінші қаңтарға дейін 283 жоба жүзеге асырылуы тиіс. Олардың жалпы құны 6 триллион теңгені құрайды. Есесіне жаңадан 30 мыңға тарта жұмыс орны құрылатын болады. 

Жалпы 2010 жылдан бері үздіксіз жүзеге асып келетін  үдемелі индустриялық инновациялық бағдарлама аясында 8 триллион теңгенің 1250 кәсіпорны ашылды. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімі әлемнің 110 еліне жеткізіледі.