Шығыс Қазақстан облысы ағаш өнімдерін экспортқа шығаруға ниетті

Шығыс Қазақстан облысы ағаш өнімдерін экспортқа шығаруға ниетті

Шығыс Қазақстан облысы ағаш өнімдерін экспортқа шығаруға ниетті. Аймақтың 3,5 миллион гектар аумағын орман алып жатыр. Алайда олардың 90 пайыздан астамының өсіп тұрғанына 40 жылдан асып отыр. Өндіріс көлемін жиһаз жасауға жарамсыз осындай ағаштар есебінен арттыру көзделуде.

РИФАТ ИЛЬЯСОВ, ӨСКЕМЕН ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ММ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз қазір орман қорының есебін жүргізіп жатырмыз. Бізде жетілген және әбден қураған өскіндер 2 миллион 600 мың текше метрді құрап отыр. Соның ішінде қурап тұрған өсімдіктер жарты миллионнан асады. Бұл орманның қартайып бара жатқанын білдіреді, яғни оны қарқынды өңдеу жұмыстарын қолға алу керек.

Бұл зауытта өндіріске жарамсыз орман ағаштарынан жылына 16 мың текше метр ағаш-жоңқалы тақтай өндіріледі. Дайын өнімнің 30 пайызын кәсіп иесі Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанға өткізіп отыр.

ВИКТОР ВОРОБЬЕВ, АҒАШ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

 - Біздің өндіріс орнының ерекшелігі сол, мүлдем ештемеге жарамсыз ағаштарды ғана қолданамыз. Кәсібіміз жанданып келеді. Ұжымда 130 адам еңбек етіп жүр.

Бүгінде аймақта орман ағаштарын өңдеуге бағытталған 57 шағын кәсіпорын бар. Алайда бұл орманға бай өлке үшін тым аз, - дейді мамандар.

АРМАН ЕСЕНТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАРДЫ ПАЙДАЛАНУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бізде ағаш өңдеумен айналысатын кәсіпорындар жоқ емес бар, бірақ айтарлықтай деңгейде емес. Қытайдың жиһаз жасау компаниялары бізде осы өндірісті өркендетуге қызығушылық танытып отыр. Тіпті фабрика салу туралы да ойлары бар.

Ағаш өңдейтін ірі өндіріс орны іске қосылса, орман да жаңара түспек. Мәселен, кәсіпкер 1 гектар жердегі ағашты кесіп алғаны үшін, 2 есе артық көшет отырғызу  тиіс. 2030 жылдан бастап облыста жылына 3,5 мың гектар қылқанжапырақты ағаштар отырғызылмақ.